Жаңа Кодекс 1 шілдеден бастап қолданысқа енеді

978

0

Өткен жылы ел тарихында алғаш рет ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданған болатын. Жаңа Кодекс биыл 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілмек. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сот судьялары Светлана Жуынтаева, Шолпан Мәлікова және қалалық сот судьясы Гүлжан Мырзатаева  тарқатты.

– Жаңа Кодекс мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Сотқа төрт түрлі талап қоюмен жүгінуге болады. Істі жүргізу заңды мүдделерді қорғау, соттың белсенді рөлі, әкімшілік сот ісін жүргізудің мерзімі, сот актілерінің міндеттілігі қағидаттар негізінде жүзеге асырылады. Азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттары осы тарауда баяндалған қағидаттарға қайшы келмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде қолданылады, – деді С.Жуынтаева.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстегі тағы бір жаңалық судья құзыретіне қатысты. Соған сәйкес, жаңа заңнаманы негіз еткен судьялар мемлекеттік орган мен жеке азаматтар әкелген дәлел-дәйектерді қанағат тұтып отырмайды. Қажет еткен жағдайда судья істі нақтылауға көмектесетін дәлелдерді, құжаттарды қосымша сұратып, өз бастамасымен оларды жинауға құзырлы.

– Сонымен бірге Кодекстегі ерекшелік сот өзі қабылдаған шешімнің орындалуына тікелей бақылау жасайды. Кодекске «Сот бақылауы» деген арнайы тарау енгізілген.  Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді. Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс. Егер соттың шешімінде белгіленген мерзімде ол ерікті түрде орындалмаған жағдайда, бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады, – деді спикерлер.

Оған қоса сотта медиация жүргізу тәртібіне сәйкес, бірінші сатыдағы сотта медиация жүргізу үшін әкімшілік іс медиация туралы келісімді бекітетін басқа судьяға беріледі. Тараптардың өтінішхаты бойынша медиацияны әкімшілік істі іс жүргізуші судья жүргізуі мүмкін.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<