Жаңа көзқарастың жарқын үлгісі

405

0

Президент сайлауына аудандар тұрғындары да әдеттегідей белсенді қатысты. Халық таңғы сағат 7:00-ден дауыс беруді бастады. Ел ертеңі үшін маңызды кезеңде осылайша жауапкершілік танытты.

АРАЛ. Ауданда 55 сайлау учаскесі жұмыс жасады, 45 837 сайлаушы тіркелген. Барлық сайлау учаскелерінде алғаш болып келген сайлаушыларға сыйлықтар табысталды. Мәселен, «Қосжар» ауылдық округіндегі №15 сайлау учаскесіне зейнеткер Лиза Болатова 100-ші дауыс беруші болып тіркелгендіктен, сыйлыққа ие болды. Арал қаласы М.Жарымбетов көшесінің тұрғыны Алпамыс Қалымбетов №50 сайлау учаскесінде 500-ші дауыс беруші болып тіркелді. Өз таңдауын жасаған оған да естелік сыйлық табысталды.

Дауыс беруге ақеспелік балықшылар белсенді атсалысты. Ауыл тұрғыны, балықшы Н.Орынбаев №33 сайлау учаскесінде таңдау жасады. Аралдың ақ алтынын өндірумен айналысатын «Аралтұз» АҚ жұмысшылары ұжым болып дауыс берді. Өндіріс орнындағы еңбеккерлер ел болашағы үшін маңызы зор саяси науқаннан қалыс қалмады.

«Қосаман» ауылында орналасқан «ҚазСуШар» ШЖҚ РМК «Арал» ҚСЖКБД филиалы «Арал-Сарбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің №1 Қосаман су көтеру насос станциясы ұжымы науқанда белсенділік танытты.

«Сексеуіл» кентінде осы күні ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Кент тұрғындарына халық күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдері тиімді бағада ұсынылды. Жәрмеңкеде балық және ет, сүт, нан өнімдері саудаланды. Айтулы күні ұйымдастырылған шараға тұрғындар ризашылығын білдіруде.

– Бүгінгі демалыс күні өзіндік ерекшелігімен өтуде. Таң азанмен тұрып, Президент сайлауында дауыс бердім. Енді міне, жәрмеңкеден қажетті азық-түлігімді алып, қайтып барамын. Ұйымдастырушыларға рақмет. Еліміздің болашағы жарқын болсын, – деді  кент тұрғыны Айсәуле Нағыметқызы.

Қазалы. Мұнда  кезектен тыс Президент сайлауы күні дүниеге келген сәбиге Сайлаубай есімі берілді. Сәби кешкі сағат 18:45 минут кеткенде дүниеге келді. Нәрестенің салмағы 4020 грамм, бойы 51 см.  Шәкен ауылының тұрғындары Рысбек Қоныс пен Әсем Жұмағали дүние есігін ашқан сәбидің есімін еліміз үшін маңызды күнге байланысты Сайлаубай деп атауды жөн деп шешкен.

Бақыткүл Әлішева басшылық жасайтын Қазалы ауданаралық ауруханасының ұжымы кезектен тыс Президент сайлауына біркісідей қатысты. Орталық аурухананың 1370 қызметкерінің барлығы да өз учаскелеріне барып, дауыс берді.

Қазалы қаласындағы №66 сайлау учаскесінде үшем Дариға, Әлия, Динара Шәкір дауыс беруге келді. Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде орналасқан учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Арман Мусаев үшемге  сый-сияпат тапсырды.

Қазалы ауданында сайлау учаскелері орналасқан ғимараттар стандартқа сәйкес пандустармен толық қамтылып, барлығы да бірінші қабатта. Аудан бойынша кресло-арбамен жүретін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау учаскелеріне келуіне қолайлы жағдай жасау үшін 3 инватакси қызмет көрсетті.

Осы күні Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген Ү.Түктібаев ауылының тұрғыны Жайнарұлы Толағай өз таңдауын жасады.

– Бүгін көппен бірге сайлауға келіп, еліміздің жарқын болашағы үшін, ауылымыздың өсіп-өркендеуі сондай-ақ, еліміздегі тұрақтылық пен бейбітшілік үшін дауыс бердім, – дейді жас сарбаз.

Қармақшы. Аудан халқы таңғы сағат 7.00-ден  дауыс беруді бастап кетті. Уақыттың ерте екеніне қарамастан, қариялар мен жастар тобы азаматтық парызын өтеуге асықты. Айта кетейік,  ауданда 35 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Мұнда 51957 сайлаушы тіркелген.

Қазақстан Республикасының Президентін сайлау күні «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары Шамшатовтар мен Қартабаевтар отбасы және облыстық «Жас отау» байқауының жеңімпаздары Әмзеевтер отбасы өз таңдауын жасап, дауыс берді.

Қармақшы ауданы Жосалы кенті №99 сайлау учаскесінде «Бауырсақ party» ұйымдастырылып, дауыс берушілерге ыстық шаймен бірге бауырсақ ұсынылды. Тату тірлікті, береке-бірлікті ту еткен кент тұрғындары сайлауда белсенділік танытты.

ІІІ Интернационал ауылындағы  №106 учаскелік сайлау  учаскесінде ауыл тұрғындары лег-легімен келіп, үлкен фойеде жайылған ақ дастархандағы ұлттық тағамдардан дәм татып, көтеріңкі көңіл-күйімен өз таңдауларын жасады.

Байқоңырдағы «Бәйтерек» бірлескен кәсіпорнындағы қазақстандық ғарыш саласының мамандары да ел болашағы үшін сайлаудан сырт қалмады. «Қуаңдария» ауылында орналасқан  20/19  «Қуаңдария»  шекара бөлімінің әскери қызметшілері өз таңдауларын жасады.

Жалағаш. Ауданда 23 сайлау учаскесі бар, 20208 сайлаушы тіркелген. Осы күні алғаш дауыс берген, бірінші келген сайлаушыларға, туған күн иелеріне, ең қарт дауыс берушілерге, 100, 200, 500, 1000-шы дауыс берген азаматтарға, Халықаралық сәбилер күніне орай балаларымен келген сайлаушыларға естелік сыйлықтар табысталды. 

Учаскелерде арнайы фотозона ұйымдастырылып, №128 сайлау учаскесінде кітап, қолөнер жәрмеңкесі, жергілікті өнерпаздардың концерті болды. Қоғамдық көліктерде жолаушылардың тегін жүру мүмкіндіктері де қарастырылған.

Маңызды саяси науқанда 103 жастағы кейуана Бибайша Қайырбаева  дауыс  берді.

–  Ұрпағымның болашағы үшін өз таңдауымды жасадым, – дейді қария. Ардақты анаға ақ жаулық, иығына шапан жабылып, сый-сыяпат көрсетілді. Бибайша Қайырбаева – тыл ардагері, 4 ұл, 4 қыздың анасы. Немере-шөберелердің ардақты әжесі.

Сайлау күні жедел жәрдем фельдшері Нұржан Сәндібай ауысымнан кейін өз учаскесіне келіп, дауыс берді. «Мемлекетіміздің жақсы болғаны, дамығаны бәрімізге керек, біздің тілегіміз –  елдің амандығы» дейді Нұржан.

Сайлау күні көкпаршы жігіттер де өз таңдауын жасауды парыз санайтынын айтып, бәсекеден бұрын сайлау учаскесіне келді. Дауыс берген соң, көтеріңкі көңіл-күймен  көкпарға кірісті.

Сырдария. Тереңөзекте Ұлы Отан соғысының ардагері, 101 жастағы қарт Яхия Тасыров бірінші болып дауыс берді. Сырдариялық соғыс ардагері бірлікті ту етіп, елдің дамуына негіз болатын саяси науқанға әрбір азаматтың бей-жай қарамау қажеттігін айтты.  Қазыналы қарт өз таңдауын жасағаннан кейін ақ батасын берді.

«Шаған» ауылдық округіндегі №163 сайлау учаскесіне қарасты тұрғындар денсаулық жағдайына және өзге де себептерге байланысты дауыс беруге арналған жәшіктің мекен-жайға жеткізілуін өтінген.  Жылжымалы дауыс беру жәшігі тиісті мекен-жайларға уақытылы жеткізілді.

Ауданда қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін жас еріктілердің қатары артып келеді. Саяси науқанда ерікті жастар белсенділік танытты. Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығы арқылы олар автоволонтерлыққа шақырылып, тізімі жасақталды. Осы күні 15 автоволонтер жүріп-тұруы қиын кісілерді сайлау учаскесіне дейін апарып, одан кейін үйлеріне жеткізді.

Тереңөзек кентіне Абай облысынан қонаққа келген Жеңісбек Абеев пен жұбайы Қадиша Абеева №156 сайлау учаскесінде дауыс берді. Аудан тұрғындарымен пікірлесіп, жергілікті халықтың ұйымшылдығын жоғары бағалады. Меймандарға тұрғындар құрмет көрсетіп, қонақжайлылық танытты.

Шиелі. Президент сайлауында шиеліліктер де белсенділік танытты. Ауданда 48 мың 402 сайлаушы болса, олардың дауыс беруі үшін 40 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Мәселен, Ы.Жақаев ауылындағы №278 сайлау учаскесіне азаматтар ерте келіп, саяси науқандағы белсенділіктерін көрсетті. Ал «Ақтоған» ауылында тұратын Сейтжановтар әулеті ерекше ықыласқа бөленді. Әбдімәлік ақсақал мен  Бақтыгүл ана 11 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олар 10 келіннің ақылшысы атанып отыр. Осындай маңызды сәтте бірліктің үлгісін көрсеткен әулеттің келіндері сайлауға келіп, таңдау жасады.

Шиеліде Сәрсенбек Байжанов есімді соғыс ардагері бар. Қарт жауынгер жылжымалы жәшік арқылы үйден дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. 

– Ең бастысы, тыныш заман болсын, бейбітшілік пен тұрақтылығымыз арта берсін. Аспанымыз ашық, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, – деді майдангер. 

Байқасаңыз, осы саяси науқанда шаңырақ көтерген жас жұбайлардың ықыласы да көпті сүйсіндіргені рас. Бұл ретте «Жиделіарық» ауылдық клубында орналасқан №299 сайлау үйіне енді ғана отау құрып жатқан Нұрқанат Сүлейменов пен Ақниет Қосымова таңдау жасай келді. Жас жұбайларға сыйлық тарту етілді.

Жалпы ауданда сайлаушылар үшін барлық қызмет түрі қарастырылған.

Жаңақорған. Аудандағы №335 сайлау учаскесіне келіп, ел болашағы үшін өз таңдауларын жасағандар қатарында Қажымұқан Байдуллаұлы мен Ақбөпе Мейрам бар. Жаңа отау құрған жастар бұл тарихи таңдау жасалып жатқан күн отбасы үшін де, Отан үшін де ерекше маңызды деп санайды.

– «Біз жаңа биіктерге, жаңа өзгерістерге ұмтылыс жасаған мемлекеттің алда талай салтанат құратын жақсылығына сенеміз. Сондықтан, бүгінгі таңдау біз үшін айрықша маңызды әрі асқан жауапкершілікке толы. Бір жағынан бұл – біздің бақыт бастауымыз! – дейді жас шаңырақ иелері.

Өзге де аудандар секілді Жаңақорғанда да саяси науқан ерекше белсенділікпен танылды. Әдеттегідей, ауыл-ауылдағы қауым таң ертеден сайлау учаскелеріне келіп, таңдау жасады. Әрине, мұндай бірлікті, елдікті танытатын саяси науқанда ел ағаларының ықпалы ерек.

– Халқымыздың болашағы үшін әрбір азамат өз таңдауын жасап, сайлауға қатысып жатыр. Бұл – қуанышты жайт. Осы саяси науқаннан кейін жақсылықтар жалғасын тауып, халықтың көңілі марқаятын кезеңге жетсек екен деп тілеймін. Өйткені Қазақстанда тұрып жатқан әрбір азамат бақытты болуға лайықты. Барша қазақстандықтарды осы жолда аянбай еңбек етуге шақырамын, – дейді ардагер-ұстаз Зинабдин Шермұхаммедұлы.

«СБ» тілшілер тобы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<