Жаңа мобильді қосымша іске қосылады

725

0

Фото: ашық дереккөз

Елімізде тауға саяхаттауды ұнататын туристерге арналған мобильді қосымша әзірленіп жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халық арасында профилактикалық жұмыс тұрақты ұйымдастырылып жатыр. Яғни қар көшкіні, сел жүру және су тасқыны қаупі туралы түсіндірме ақпараттар таратылуда. Сонымен қатар БАҚ арқылы да мәліметтер таратылып, түсіндіру жұмыстары кеңінен жүріп жатыр. Таулы жерлерде арнайы құтқару бекеттері құрылды. Оқиға орнына шұғыл жетуді қамтамасыз ету үшін құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік етуде. Бұл жоғалған адамдарды іздестіру-құтқару кезінде уақыт үнемдеуге септігін тигізеді», – деді Ибрагим Күлшімбаев ОКҚ-де өткен брифингте.

Одан әрі ТЖМ бірінші вице-министрі туристерге арналған жаңа мобильді қосымша туралы әңгіме өрбітті.

«Туристік навигацияның бірыңғай жүйесін құру және Төтенше жағдайлар департаменттерінің базасымен интеграцияланатын тауға жорықты ұнататын әуесқойлар үшін «Tau Go» смарт-навигатор мобильді қосымшасын іске қосу бойынша жұмыс жүргізілуде. Одан бөлек, 2 ГИС жүйесі арқылы офлайн режимде жұмыс істейтін таулы аймақтардағы туристік маршруттарды цифрландыру бойынша шаруа қолға алынды», – дейді ол.

И. Күлшімбаевтың айтуынша, туристердің қауіпсіздігі үшін шұғыл қызмет телефондары көрсетілген ақпараттық тақтайшалар орнатылмақ.

Министр орынбасары келтірген мәлімет бойынша қыс басталғалы тауда адасқан 147 туристі табуда 14 іздестіру-құтқару жұмысы жүргізілді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<