Жаңа өмірдің жүрек лүпілі

890

0

Мектеп бітіру мерекесі – әр адамның өміріндегі ерекше ұмытылмас күннің бірі. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын әрбір түлек өзін білім нәрімен сусындатқан алтын ұясымен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алары анық.

Кеше қаламыздағы іргелі білім ордасының бірі Б.Момынбаев атындағы №278 ІТ мектеп-лицейінде мектеп бітірушілердің «Соңғы қоңырау» салтанаты өтті. «Түлек-2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты салтанатты жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев және бірқатар қонақтар қатысты. Облыс басшысы үлкен өмірге қадам басқалы тұрған түлектерге ақжолтай тілегін арнап, ұстаздарды мерекемен құттықтады.

– Құрметті түлектер, сіздермен үлкен өмірге аттанар сәттеріңізде жүздескеніме қуаныштымын. Бұл күн – түлектер үшін ерекше толқынысқа толы мерейлі сәт. Мектеп бітірушілердің көңілінде қуанышпен қатар қимас сезім де бар. Дана халқымыз «Қатарыңның алды бол» деген баталы сөзді айтады. Үлкен азаматтық өмірге қадам басқан сәтте баршаңызға осы сөзді ерекше арнағым келеді. Бар білімдеріңізді Тәуелсіз Қазақстанның, туған жеріміз Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне жұмсап, үлкен жетістікке жете беріңіздер. Қанаттарыңыз талмай, бейбіт еліміздің көгінде шарықтап, ата-аналарыңыздың үмітін ақтаңыздар, – деді облыс әкімі.

Бұл білім ордасында 50 оқушы мектепті аяқтайды. Оның екеуі «Алтын белгіге», ал 5 оқушы «Үздік аттестатқа» үмітті.

– Мінекей, бүгіннен бастап балалықтарың артта қалып, әрқайсысың өз армандарыңа қол созатындарың анық. Қазір еліміз әр жастың қалаған мамандығында оқып, армандаған жұмысын істеп, қоғамда өз орнын табуына үлкен мүмкіндік жасауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға үлкен сенім артып, ел тірегі өздерің екенін ұдайы айтып келеді. Қазақстанның қарыштап дамуына кез келген жас, кез келген азамат үлес қосса, біздің мұратымыздың орындалғаны. Айналайын, балаларым! Бүгінгі өмірге алған жолдамаларың құтты, қадамдарың сәтті бола бергей, – деп ақ тілегін жеткізді мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов.

Мұнан кейін бітіруші түлек, оқу озаты Әсел Сейілханның анасы Мереке Елеуова балаларға аналық лебізін жеткізіп, мектеп ұжымына зор алғысын білдірді.

Сондай-ақ, FLEX бағдарламасының грант иегері Тұмар Бітімбай құрдастарына ізгі тілектерін арнады. Ал салтанатты шара соңында мектеп бітіруші, «Алтын белгіге» үміткер Нұрай Орданбай мен республикалық ғылыми жобаның облыстық кезеңі бойынша жүлдегері Бақберген Сейітжаппар және 1-сыныптың қос оқушысы Сәкен мен Айсәуле соңғы қоңырау соғу құрметіне ие болды.

«Соңғы қоңырау» соғу рәсімінен кейін облыс басшысы мектептегі «Кәсіпкерлік мектебі» пилоттық жобасы аясында ашылған оқу-өндірістік комбинатының жұмысымен танысты. Мұнда «тігінші», «аспаз», «жүргізуші» біліктілігі бойынша кәсіптік даярлау жүргізіледі. Бұл үшін мектеп-лицей мен Қызылорда қызмет көрсету және сервис колледжі арасында ынтымақтастық меморандумы бар.

Облыс әкімі оқушылармен тілдесіп, мектеп ішінде маңызды жобалар жасауға талпынысы ерекше жастарға әрдайым қолдау болатынын жеткізді.

Ержан Қожасов,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<