Жаңа оқу жылы қарсаңында кеңейтілген мәжіліс өтті

314

0

Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

Қазалыда білім беру қызметкерлерінің 2024-2025 оқу жылы қарсаңында «Адал ұрпақ. Саналы жасөспірім. Кемел келешек» атты кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудан прокуроры Дарын Әбіш, білім саласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Қуанышбаев, дербес бөлім басшылары, ата-аналар комитетінің төрағалары, білім беру ұйымдарының басшылары және ұстаздар қауымы қатысты.

Аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен өткен жиында аудан басшысы алдымен барша ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі. Мұнан соң ауданның білім саласының дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен саладағы өзекті мәселелерді ортаға салды.

Алқа отырысында аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов білім саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндаса, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан шаралар туралы баяндама жасады. Ал, аудан прокуроры Дарын Әбіш «Қылмыссыз өмір – кемел келешек кепілі» жобасын таныстырып, жас ұрпаққа саналы тәрбие беру жолында бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Мұнымен қатар жиын барысында ардагер ұстаз Өтеген Жаниет пен ата-аналар атынан Райхан Тәжмағанбетова сөз сөйлеп, бірлігі бүтін, іргесі мықты ел болу үшін жас ұрпаққа саналы да, сапалы білім мен таза, рухани тәрбие беру міндеті баршаға ортақ міндет екендігін жеткізді.

Жиында аудан әкімі Мемлекет басшысынан бастап ұрпақ тәрбиесіне аса мән беріп, білім беруші мен білім алушыға мүмкіндігінше жағдай жасау, сапалы біліммен қатар саналы тәрбие беру бағытында көрсетіліп жатқан қолдаулар мен ауданның білім саласында қол жеткізіп жатқан оң нәтижелеріне тоқталды. Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап барлық білім беру ұйымдарында білім берумен қатар тәрбие беру жұмыстарында қолға алу керектігін айтты.

Жиында бірқатар білім беру саласының үздіктері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Орта білім беру ісінің үздігі» Құрмет дипломымен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Айта кетейік, шара басталмас бұрын қонақтар Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығының фоесінде «Digital Qazaqstan» заманауи білім беру технологиялары, жасанды интелект мүмкіндіктері төңірегінде әзірленген көрмені тамашалады.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<