Жаңа қызмет жауапкершілігі

13

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысын өткізді.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына Серік Қожаниязов тағайындалды.

Аймақ басшысы Серік Салауатұлын мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол, білікті басшы ретінде жауапты қызметтерді абыроймен атқарғанын айтып, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

– Серік Салауатұлы аймақтың әлеуметтік-экономикалық ахуалымен етене таныс, басшылық қызметтегі ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, орталық және жергілікті атқарушы органдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинаған азамат.

Оның алдында өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды іске асыру, вегетация кезеңінде Сырдария өзенінде су тапшылығының алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру міндеті тұр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасының екінші кезеңін бастау, «Көкарал» бөгетін сақтап қалу, облыс аумағында жаңадан су қоймаларын салу жобаларын іске асыру жұмыстарын үйлестіретін болады, – деді облыс басшысы.

Серік Қожаниязов облыстық ауылшаруашылық және жер, ветеринария, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына жетекшілік жасайды. Сонымен қатар, облыстың құқық қорғау органдарымен бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздікті және тәртіпті сақтау жұмыстарын үйлестіреді.

Активте облыс әкімінің тағы бір орынбасары таныстырылды. ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен облыс әкімінің орынбасары лауазымына Нұрымбет Сақтағанов тағайындалды.

Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың республикалық деңгейде түрлі салаларда мол тәжірибе жинап, қызметте сатылап өскен азамат екенін жеткізіп, алдағы міндеттерін абыроймен атқаратынына сенім білдірді.

– Қазіргі таңда өңір экономикасын әрі қарай әртараптандыру міндеті тұр. аймағымызға отандық және шетелдік инвестиция тарта отырып, өңір экономикасының шикізаттық бағыттан өңдеу саласына бет бұруын жеделдетуіміз қажет.

Облыс бюджетінің жоғары тұрған бюджеттегі, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары, қаржылық даму институттары алдында 100 млрд теңгеден астам міндеттемелері бар. Осы орайда, біз облыс бюджетінің кіріс көзін мүмкіндігінше арттыруға жұмыс жасауымыз керек.

Нұрымбет Аманұлы осы аса өзекті мәселелерді үйлестірумен айналысатын болады, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Нұрымбет Сақтағанов облыстық экономика және қаржы, білім, денсаулық сақтау, қоғамдық даму, мәдениет және спорт басқармаларына жетекшілік ететін болады.

Активте облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов жауапты да күрделі қызметті тәжірибесі мол, жоғары лауазымдарда шыңдалған азаматтар ғана атқара алатынын айтып, лайықты тағайындау жасалғанын жеткізді.

Серік Қожаниязов – облыс әкімінің бірінші орынбасары

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына Серік Салауатұлы Қожаниязов тағайындалды.

Серік Қожаниязов 1965 жылы Қызылорда қаласында туған. 1989 жылы Кузбасс политехникалық институтын (РФ) инженер-механик, 2002 жылы Л.Гумилев атындағы Евразия мемлекеттік университетінің Қызылорда филиалын экономист-қаржыгер мамандықтары бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Қызылорда қаласында №2 механикалық-жөндеу зауытының инженер-технологы, учаске шебері болып бастаған. 1992-1999 жылдары «Серік» шағын кәсіпорнының, «Арко-инвест» инвестициялық жекешелендіру қорының директоры, 1999-2001 жылдары Қызылорда қаласының әкімі жанындағы «Қалалық бизнес орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының және Қызылорда облысы әкімінің жанындағы «Инвестиция тарту және құнды қағаздар рыногын дамыту орталығы» мемлекеттік кәсіпорнының директоры, Қызылорда қаласындағы «Сенім» ашық зейнетақы жинақтау қоры» ЖАҚ-ның бас менеджері қызметтерін атқарған.

2001-2007 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыру бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры, 2007-2008 жылдары Қызылорда қаласының әкімі болды.

2008-2014 жылдары ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру жұмысы және аймақтық даму бөлімінің бас инспекторы, осы  бөлім меңгерушісінің орынбасары, одан әрі Премьер-Министр Кеңсесінің аймақтық даму бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды.

2014-2019 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі қызметінде болып, 2019 жылдан осы кезге дейін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінде вице-министр лауазымын атқарып келді.

Нұрымбет Сақтағанов – облыс әкімінің орынбасары

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен облыс әкімінің орынбасары лауазымына Нұрымбет Аманұлы Сақтағанов тағайындалды.

Н.Сақтағанов 1970 жылы дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетін, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген.

Еңбек жолын 1992 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы №172 орта мектепте оқытушы ретінде бастаған. Әр жылдары мемлекеттік, соның ішінде кеден органдарында жауапты басшылық қызметтерде болған.

2007-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Сыртқы инвестиция көздерін жоспарлау бөлімі бастығы, аталған министрлікте министрдің кеңесшісі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі миграция комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болды.

2012-2021 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары, Ұлан ауданының әкімі (ШҚО), Семей қаласының әкімі қызметтерін атқарған.

2021 жылдың ақпан айынан бастап осы кезге дейін Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданының әкімі қызметін атқарып келген.