Жаңа қызметке сайланған Головкин мәлімдеме жасады

227

0

Фото: ашық дереккөз

Бас Ассамблея мүшелерінің дауыс беру қорытындысы бойынша ҚР ҰОК президенті болып – қазақстандық боксшы Геннадий Головкин сайланды.

Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Бас Ассамблеясының кезектен тыс отырысы өтті. Жиында ұйым қызметіндегі маңызды сәттер талқыға түсіп, шешімдер қабылданды, деп хабарлады turkystan.kz bassport.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР ҰОК жоғары басқарушылық органдарының отырысына олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық спорттық федерациялардың 35 өкілі мен ҚР ҰОК спортшылар Комиссиясының екі өкілі қатысты.

Ассамблеяның кезектен тыс отырысында жасөспірімдер құрамасының 2024 жылғы Оңтүстік Кореяда өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасындағы нәтижесі қорытындыланып, шілде айында Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына дайындығы талқыланды, сондай-ақ, ҰОК құрылтай құжаттарын заң нормаларына сәйкес өзектендіру, ҰОК басқару органдарының өкілеттік мерзімін бір мерзімге жеткізу мәселелері және 2015-2023 жылдар аралығындағы Қазақстан ҰОК қызметінің көрсеткіші сөз болды.

ҚР ҰОК президенті Тимур Құлыбаев Бас Ассамблея мүшелеріне ұйым президенті ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

Бас Ассамблея мүшелерінің дауыс беру қорытындысы бойынша ҚР ҰОК президенті болып – қазақстандық боксшы, 2004 жылғы Афины Олимпиадасының күміс жүлдегері, көптеген атақтың иесі Геннадий Головкин сайланды.

«Жаңа лауазымда еліміздің атынан әрекет ету – мен үшін зор мәртебе. Маған Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетін басқаруды ұсынғанда, қазақстандық спортты дамытуға өз үлесімді қосуға мүмкіндік берсе ғана, кандидатурамды ұсынатынымды айттым. Өздеріңіз білетіндей, мен саясаткер де, шенеунік те емеспін. Өз әрекетімді сөзбен емес, іспен дәлелдеп үйренгенмін. Біздің алдымызда тұрған ең маңызды міндеттердің бірі – халықаралық қарым-қатынасты реттеу деп білемін. Осы орайда, менің өз көзқарасым, жылдар бойы жиналған халықаралық тәжірибем барын, команда барын айтқым келеді. Ал ең бастысы және менің көптен бергі қалауым – бұл барлығын да өзімнің туған елімде жүзеге асыру», – деді жиында сөз алған Головкин.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<