Жаңа заң жобасы: жұмыс берушілер 42 500 теңге төлеуге міндеттелуі мүмкін

953

0

Қазақстанда жұмыс берушілер мүгедектерді жұмысқа орналастырмағаны үшін өтемақы жарнасын төлеуге міндеттелуі мүмкін. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Жаңа норма азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау туралы заң жобасында көзделген.

«Халықаралық тәжірибені ескеріп, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру квотасын орындаудың баламасы ретінде жұмыс берушілер үшін өтемақы жарналарын 2023 жылдан бастап енгізуді ұсынамыз», – деді Шәпкенов бүгін мәжілісте заң жобасын таныстыру барысында.

Оның айтуынша, қазір ауыр жұмысты, еңбек жағдайы зиянды, қауіпті жұмыс орындарын қоспағанда, мүгедектер үшін қызметкерлердің жалпы санының 2%-нен 4%-не дейін жұмыс орындарына квота белгіленеді. Алайда бұл талап мүлде орындалмайды, кәсіпорындар жарымжан жандарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік жоқ деп сылтауратады.

«Біз шет елдердің тәжірибесін зерделедік. Оларда квотадан бөлек, өтемақы жарналары бар екен. Өтемақы жарнасы үшін арнайы жеке қор құрылмайды. Ақша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына шоғырландырылады және ол оператор болады. Жиналған қаражат есебінен мүмкіндігі шектеулі адам жұмыс істей алатын кәсіпорындарда жұмыс орындарын құрамыз», – деп түсіндірді министр.

Еңбек вице-министрі Ерлан Әукенов кәсіпорын жұмысқа орналастырмаған бір мүгедек үшін бір тоқсанда 42 500 теңге төлейтінін нақтылады.

Министрлік өтемақы жарнасын енгізудің арқасында 2025 жылға қарай мүгедек адамдарды жұмыспен қамту үлесін 30 процентке дейін жеткізуді көздеп отыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<