Жаңа жиһаз дүкені ашылды

1241

0

Қызылордада «Luxury house» атты жиһаз дүкені ашылды. Атауының өзі «әдемі үй» мағынасын беретін ғимаратта қонысыңызға қажетті жиһаздың барлық түрі бар.

«Luxury house» десе бірден танымал киім мен косметика сататын сауда орны еске түседі. Бірақ екеунің атауы ғана ұқсас. Дүкенді қызылордалық жиһаз нарығын 15 жылға жуық уақыт сапалы өнімдермен қамтамасыз етіп жүрген кәсіпкер Ақтолқын Махамбетова ашты.

Мемлекет қолдауымен кәсібін кеңейткен Ақтолқын «Даму» бағдарламасы арқылы несие алып, 3 қабатты нысанды іске қосты. Мұнда жиһаздар Қытай, Ресей, Түркия елдерінен жеткізіледі. Дегенмен, алдағы уақытта жиһаз жасау фабрикасын да ашуды жоспарлап отыр.

-Осы саланы дамыту мақсатында жиһаздарды өзімізде жасау ойымызда бар. Сонда халыққа баға да қолайлы бола түседі. Осы кезге дейін 10-ға жуық адамды жұмыспен қамтыдық, енді қызметкерлер санын тағы да арттырмақпыз. Елге қолжетімді болуы үшін жиһаз құнын банктер арқылы бөліп төлеу қарастырылған, – деді ол.

Кәсіпкерлер әулетінен шыққан Ақтолқын Махамбетова алдағы уақытта анасы Рабиға, әпкесі Рабиба Нұржанованың жолын жалғастырып, жиһаз үйінің желісін құрмақ, яғни, еліміздің басқа қалаларында да «Luxury house» бой көтереді. Айта кету керек, Қызылордадағы дүкенге құрылтайшының 20 жасар ұлы Даниял басшылық ететін болады.

«Luxury house»-тың ашылу рәсімінде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фирдоуси Қожабергеновтен қазір кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілетінін де сұраған едік.

-Пандемияға байланысты кәсіпкерлерге салықтық түсімдерін шегеру, арендалық төлемнен босату сынды мемлекеттік қолдаулар жасалуда. Облыс әкімінің бастамасымен «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясы» қабылданды. Негізінен өндіріске бағытталған жобалар тізбесі жасақталып, кәсіпкерлерге ұсынылуда. Оның ішінде 89 жоба іске қосылып, мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Қолдау шараларының арқасында былтыр өңірде кәсіпкерлер саны артып, республика бойынша жоғарғы көрсеткішке қол жеткіздік. Бұл үрдіс биыл да жалғасуда. Бүгінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 56 мыңнан асты. Жылдың басында бұл көрсеткіш 55 мың болған еді, – деді ол. 

Облыста эпидемиологиялық ахуал құбылып тұр. Өңір «қызыл аймаққа»  өтті, кәсіпкерлік нысандары қалай жұмыс істейді? Басқарма басшысы  «Ashyq» жобасына енген кәсіпкерлер бұл ретте жеңілдетілген статусқа ие болатынын айтты. Бұл жоба кәсіпкерлерге қолдау көрсету әрі вирусқа қарсы қауіпсіздікті күшейту мақсатында жүзе асуда. Сондықтан «Ashyq» жобасына енген кәсіпкерлер ғана облыс «қызыл» аймаққа өткенімен, «сары аймаққа» арналған шектеулерді пайдаланады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,  

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<