Жаңа ЖЭО-ның капсуласы салынды

358

0

Заманауи үлгідегі жаңа жылуэлектр орталығы республика бойынша екі облыста бой көтермек. Оның алғашқысы Сыр өңірінде салынады. Осыдан екі апта бұрын шетелдік инвестормен келісімшарт жасалды. Ал кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен түркиялық «Акса Энерджи» компаниясы атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Коркут Озтуркмен электр орталығының құрылысы жүретін жерге барып, капсула салу рәсіміне қатысты.

Жалпы, энергетиканың экономиканы алға сүйреуші күш екені белгілі. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қай жерде электр энергиясы үздіксіз өндірілсе, сол жерде өндіріс те жақсы дамиды. Біздің елде электр қуатын өндіру солтүстік облыстарда жақсы дамыған. Өйткені, кешегі кеңес дәуірі кезінде көмір кеніштері жанынан электр стансалары салынды. Өз кезегінде бұл өңір жұртшылығына арзан электр энергиясын беріп тұрды. Енді заманауи электр станциялары оңтүстік өңірде ірге көтермек.

Иә, облыс тұрғындарын электр энергиясы мәселесі алаңдатып келгені рас. Өйткені кейінгі 60 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорны әбден ескірді. Мұндағы турбиналарды қайта жаңғырту мен жөндеуге ел қазынасынан жиі-жиі қаражат бөлінгені мәлім. Бірақ, ескінің аты – ескі.

Осы өзекті мәселеге қатысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Энергетика министрлігімен бірлесе отырып, оңтайлы шешім қабылдады. Мамыр айындағы Сыр еліне жұмыс сапары барысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов мұндай мүмкіндік алғаш болып Қызылорда өңірінде бастау алатынын атап өткені есте. Аукцион өткізілді. Нәтижесінде электр энергиясын өндіру саласында мол тәжірибесі бар «Акса-Энерджи» компаниясы жеңімпаз болып танылып, Энергетика министрлігі жанындағы Қаржы-есеп айырысу орталығы түрік компаниясымен келісім-шартқа отырды.

Қаламыздағы «Қызылордажылуэлектрорталығы» базасында өткен жиында облыс әкімі бұл Сыр өңірі үшін тарихи күн екенін айтып, жобаның маңыздылығына тоқталды. Президенттің тапсырмасына сәйкес, мұндай ірі жобаның тек облыс үшін ғана емес, республикалық маңызы зор екенін атап өтті.

– Сыр елінде бүгін – тарихи сәт! Мемлекет басшысы оңтүстік өңірлерді үздіксіз электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында алдағы үш жылда қуаттылығы 1000 мегаваттан асатын электр станцияларын салуды тапсырды. Осы тапсырма аясында атқарылатын жұмыс алғаш болып біздің аймақта жүзеге асуда. Құны 215 млрд теңгеден асатын нысан құрылысы 36 ай ішінде аяқталады. Осылайша, қуаттылығы 240 мегаваттық жаңа жылу-электр станциясын 2025 жылы ел игілігіне беретін боламыз.  Аймақ тұрғындарының игілігіне арнап салынатын жаңа жобаның іске асуына ұйытқы болған Энергетика министрлігіне және мүдделілік танытқан компания басшылығына Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғысымды жеткіземін, – деді облыс әкімі.  

Аталған жоба «Акса Энерджи» түрік компаниясы қаржысы есебінен жүзеге асырылады. Жобаның құны – 215,1 млрд теңге немесе 500 млн АҚШ доллары. Бұл – өте қомақты қаржы. Жоба қолданыстағы инфрақұрылымды қайта жаңғырту арқылы «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорнының аумағында 3,6 гектар жерде жүзеге асырылады. Жылу-электр станциясының құрылысы жыл соңында басталмақшы. Құрылыс мерзімі – 3 жыл. Стратегиялық нысан іске қосылғанда аймақтағы энергия жетіспеушілігін төмендетеді. Айта кетейік, бұл – елімізде бюджеттен тыс қаржы көздерінен, яғни шетелдік инвесторлардың қаражатына іске асырылатын ең ауқымды жоба.

Түрік компаниясының өкілі мұндай ауқымды жобаны іске асыру энергетикалық қауіпсіздікті және тарифті сақтауға мүмкіндік беретінін жеткізді.

– Қазақстан – болашағы зор ел. Біз осы кезге дейін әлемнің бірнеше мемлекеттеріне энергетикалық бағытта ірі жобаларды іске асырдық. Енді Қазақстанда, оның ішінде Қызылорда өңірінде нысанды салуға ниеттіміз.

Қызылордамен жасалған 15 жылдық келісім-шарт негізінде біз қаланың энергия мен жылу қажеттілігін қамтамасыз ететін боламыз. Бұл орталық энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуге ерекше мүмкіндік береді, – деді Коркут Озтуркмен.

Игі іс-шарада мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов бұл нысанды салу шешіміне келу халықтың көкейде жүрген мәселесін шешуге жол ашты деді.

– Әрине, қала тұрғындары үшін қанша жылдан бері жылу, электр энергия бағытында қиындықтар туындап, әсіресе қыс мезгілінде проблемалар болатын. 60 жылдан бері қызмет етіп келген орталықтың әлеуеті жетпейтіні белгілі. Облыс басшысының өз қаржысына ауқымды нысанды салуға ниетті инвесторды тауып, түрік бауырларымызды шақырғаны бүгінгі жиынның айғағы деп санаймын, – деді Бақберген Досманбетов.

Айта кетейік, алдағы 2023 жылы тағы бір түрік компаниясымен бірге өңірде томат өндіретін зауыт салынатын болады. Қазіргі таңда аталған жоба аясында 25-30 миллион доллар көлемінде инвестиция тарту бойынша келісімге келу жұмыстары жүзеге асуда.

***

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр еліне келген «Акса Энерджи» компаниясы атқарушы комитеті төрағасының орынбасары Коркут Озтуркмен мырзамен кездесіп, жаңа жылу-электр орталығын салу жұмыстары мәселелерін талқылады.

Айта кету қажет, биыл мамыр айында Мемлекет басшысы Түркия еліне іссапары барысында «Екі мемлекет арасында инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың жолдарын талқылауға және түрік инвесторларының барлық бастамасын қолдауға және оларға қолайлы жағдай жасауға дайынбыз» деп атап өткен болатын.

Сол игілікті сапардың нақты нышаны ретінде «Акса Энерджи» түрік компаниясы өкілдерімен бірге жаңа жылу-электр орталығы құрылысы нысанының капсуласы қаланды.

Аймақ басшысы компания өкіліне нысанды уақытылы аяқтауды маңызын және жобаны жүзеге асыруға қажетті қолдау шараларына дайын екенін жеткізді.

Дәуіржан Елубаев,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<