Жаңақорған: әлеуметтік сала әлденіп келеді

486

0

Жаңақорған ауданы бірінші жартыжылдықты табысты түйіндеді. Өндірісі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған ауданда есепті кезеңге тартылған инвестиция көлемі 11 млрд 339 млн теңгені құрады.

– Аудан бойынша 5601 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары бар. Бүгінде оның 95 проценті жүйелі жұмыс істеп тұр. Әсіресе, шаруа қожалықтарының қарқыны жоғары. Ауданда өндірісті де, кәсіпкерлікті де дамытуға мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 6 млрд 330 млн теңгеге жетті. Биыл аудандағы егінмен айналысатын шаруашылық құрылымдары 36 777 гектарға егiн екті. Оның 6 300 гектарына күріш отырғызуда. Өткен жылға қарағанда мал басы 104 процент болды. Өндірілген ет, сүт, жұмыртқа өнімдерінің де көрсеткіші жоғары. Бүгінде қысқа дайындық жұмыстары басталып, қажетті жем-шөптің тең жартысы жиналды, – деді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауданы әкімі Мұрат Тлеумбетов.

Аудан әкімі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру үшін экономикалық өсім мен тұрақтылық керек екенін атап өтіп, бірқатар өзекті мәселелерге тоқталды.

– Елді  мекендерді  аяқсумен қамту үшін қомақты қаржы бөлініп, Сүттіқұдық ауылының солтүстігінде 11 ұңғыма қазылып, 13 шақырым электр желісі жүргізіледі. Нәтижесінде жаңадан іске қосылатын суармалы жерлердің жалпы ауданы 800 гектарға артып, елді мекен тұрғындары егін егіп, жаңадан жұмыс орындары ашылатын болады. Өздеріңізге белгілі, қант тапшылығы елімізде қатты сезілуде. Біз биыл Жайылма ауылдық округінде 2 гектар жерге қант қызылшасын тәжірибелік негізде ектік. Егер өнімділігі жоғары болатын болса, алдағы жылдары дақылдың көлемін арттыратын боламыз, – деді ол.

Брифингте газ тарту, жол сапасын жақсарту, электр желілерін жаңарту жұмыстары да шет қалмады. Биыл Бірлік және Қыраш елді мекендері газдандырылатын болады. Сонымен қатар, Жайылма, Шалқия, Құттықожа, Кейден және Төменарық елді мекендеріне газ құбырын салуға жоба жасалып,  сараптамадан өткізілді.

Бұған қоса, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жаңақорған кентінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстарына ел қазынасынан 3,4 млрд теңге қаржы жоспарланған. Бүгінде соның бір бөлігі алынып, жаңғырту жұмыстары басталып кетті. Енді аудан көлеміндегі әбден тозығы жеткен электр бағаналары мен желілерінің жаңарар күні алыс емес.

Тағы бір жағымды жаңалық, биыл аудандағы барлық маңыздағы жолдарды жөндеуге 736 млн теңге қаралды. Сонымен қоса, Екпінді және Ақжол елді мекендеріне кіре беріс аудандық маңызы бар автомобиль жолдарындағы 2 көпірді қайта жаңғыртуға 92,4 млн теңге бөлінді.

Айта кету керек, ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Жаңақорған кентінде сервистік су жүйесінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталатын болады. Сонымен қатар, ел қазынасынан Сунақата, Еңбек, Төменарық және Екпінді елді мекенін сумен жабдықтау желісін қайта құру және кеңейту жобалары биыл аяқталады.

Қазіргі таңда Жаңақорған ауданында 35 елді мекеннің барлығы ауызсумен қамтылған. Дегенмен, мәселе жоқ емес. Ең бастысы – «Талап» бас су кешеніндегі қазылған 8 ұңғыма сағатына 35-40 текше метр ғана су беруде. Яғни, 27 елді мекенге үздіксіз толыққанды ауызсу жеткізе алмай отыр. Осыған байланысты Су ресурстары комитетінің тапсырысымен қосымша 5 ұңғыманы бұрғылау жұмыстарының жобасы жасалды. Қаржыландыру мәселесі бойынша жұмыс жүргізілуде.

Аудан бойынша кәсіпкерлік мақсатта 129 жобаға 609,5 млн теңге бөлінген.

– Тұрғындардың табысын арттырудың бірден-бір жолы – тұрақты жұмыспен қамту. Бізде  аудан халқының әл-ауқатын арттыру мақсатында жұмыссыздарды нәтижелі жұмыспен қамтуға баса мән беріп отырмыз. Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 1765 адам хабарласса, соның 1463-і жұмыс тапты. Биыл 3118 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланды. Осыдан 1848 жаңа жұмыс орыны құрылып, жылдық жоспар 60 процентке орындалды, – деді аудан әкімі.

Кейінгі жарты жылда 4 млрд 601 млн теңге құрылысқа жұмсалған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Халықтың әлеуметтік нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында биыл ауданда 600 орындық №169 орта мектеп, МАИ бекетінде 300 орындық мектеп, С.Сұлтанмұратов көшесі бойынан 300 орындық мектеп, Бірлік елді мекеніндегі 90 орындық балабақша, Өзгент, Жайылма елді мекендеріндегі 150 орындық клуб құрылыстары жүргізілуде. Мердігерлер уақыт оздырмай бітірсе, жаңа нысандар жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

Жалпы, алты айдың асуы, міне, осылай. Расында, ауданда ширықтыра түсетін шаруа аз емес. Сөз соңында аудан әкімі түйінді мәселелерді кезең-кезеңімен шешіп, басталған іс аяғына дейін жеткізілетінін айтты.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<