Жақсылықтың жаршысы

805

0

«Шамның жарығы табанына түспейді» деп жатады. Расында жанып тұрған шам секілді айналасына шуағын төгіп, әрдайым көмектесуге әзір тұратын адамдарға қарата айтылса керек-ті. Зәуре Өксімбаева жаратылысынан мүмкіндігі шектеулі жан болса да тағдырдың қиындығына мойымай, қайта керісінше сыналған үстіне шыңдалып келетін қайсар қыз. Мұндай адамдарды көргенде рухының мықтылығына, мақсатының нақтылығына, ұстанымының беріктігіне қарап сүйсінесің. Өр мінезді қыз өзінің өнегелі істерімен көпке үлгі болып жүрген жан.

Ол қаладағы  Шалғынбаев атындағы №217  орта мектебінде 9 жыл оқып, 2013 жылы Қазақ Мемлекеттік Заң Академиясы колледжінде заңгер мамандығы бойынша білім алып шығады.  Одан кейін 2017-2021 жылдарда мемлекеттік грантпен Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, журналист мамандығын алып шығады.

Арбаға таңылғанына қарамастан қолжеткізге табысы, алған асуы көп. Өзінің табандылығы мен батылдығының арқасында түрлі марапаттарға ие болған.  2014 жылы «Астана» телеарнасында «Строка жизни» атты қысқа метражды 15 минуттық фильмге түскен. 2013 жылдың тамыз айында «Арбадағы ақын» тақырыбымен «Айтуға оңай» телебағдарламасының қонағы болды. 2016 жылы  облыстық Қазақстан – Қызылорда телеарнасының тел туындысы «Өмірдің өзі» бағдарламасына арнайы қонақ болып «Өмірге құштар жандар» тақырыбындағы кезекті түсірілімге қатысты. Жергілікті телеарнаның «Өмірдің өзі» бағдарламасында «Ақындар тағдырлы болуға міндетті ме?» тақырыбындағы телехабарда оралымды ойларымен бөлісті.

Өзі тағдырлас жандардың көптеген мәселелерін жолға қойып, көмек сұрағанның барлығына қоылнан келгенше көмектесіп жүрген мейірімді жүрек иесі. Қоғамдық іс-шаралардың қай-қайсысында да белсенділігімен көзге түсе білген Зәуренің күш-жігері мен іскерлігіне қызығасың. Ол 2022 жылы 3 желтоқсанда Халықаралық мүгедектер күніне орай «2022 жылының белсендісі» облыс әкімінің марапатын жеңіп алды. 2022 жылы тамыз айында орталық «Аманат» Партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясындағы жыл сайынғы «Жан Шуақ» қоғамдық байқауына қатысып, алғыс хат алды.

Заң жағынан өте сауатты, білімді, қоғам белсендісі 2023 жылы 31 шілдеде Білім – Ғылым Инновация министрлігінің қолдауымен «Алтын жүрек»  мүсіншесі мен сертификатын иеленді.  Ал 2023 жылдың тамыз  айында білім министрлігінің қос бірдей «Мейірім»  және «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Өмірде жығылғанға сүйеу болып, жылаған ананың жасын сүртіп, тағдыр теперішін көрген жанға демеу бола білген Зәуре өмірді – күрес деп біледі.

Бірінші байлық – денсаулық. Тағдырдың сынына төтеп берген қайсар жан тағдырды бағындыра алады. Өмірді өлшеусіз несібе деп қабылдаған жанмын.  Өзімнің 43 жылдық  ғұмырым төрт қабырғада өтіп келеді. Десе де өмірімді  өлеңмен өрнектеп келемін. Қоларба өз биіктерімді бағындыруға кедергі келтіре алмайды. Өмірді қалай бар, солай қабылдаймын. Кез-келген іске мұз болып қатып, су болып қайнаймын, – дейді ол.

Ендеше жүрегі мейірімге толы, әрқашан жақсылықтың жаршысы болып жүрген Зәуреге толағай табыс, зор денсаулық тілейміз. Қоғам дамуы жолында үлгілі істеріңмен көпке өнеге көрсетіп жүре бергейсіз!

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<