Бүгін облыстық «Жастар ресуртық орталығы» КММ-сі және ҚР ҰҚК ШҚ Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен Қ.Қаракөзов атындағы №235 орта мектебінің оқушыларына арналған «Жас кинологтар» сабағы өтті.
Өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеп, оларды шекарашылардың күнделікті қызметімен таныстыру арқылы болашақ мамандықтарын дұрыс таңдап, ерлік пен отаншылдыққа баулу мақсатында ұйымдастырылған шараның ашылу рәсіміне білім ордасының алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері, департамент әскери қызметшілері мен жастар ресурстық орталығы, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты.
Қазақ жеті қазынаның біріне балайтын ит — адамның досы ғана емес, адал көмекшісі де. Әсіресе, құқық қорғау органдары саласында, шекара қызметінде иттердің қауіпсіздікті сақтауда үлесі зор. Шекара қызметінде қалыптасқан тәртіп пен табандылықты талап ететін елге қызметті, шекара шебінде ел тыныштығын күзетуді — осынау адал көмекшілерсіз елестету де мүмкін емес.
Осы ретте, департамент офицері, аға лейтенант Сағындықов Еламан жас жеткіншектерге қорғаныс шебіндегі төрт аяқтылар туралы мол мағлұматтар ұсынды. Оларды асырау, баптау, үйрету бойынша қажетті тәсілдерімен бөлісіп, ортақ түсініктерін қалыптастырды. Нұсқаушы мен қызметтік иттің арасындағы байланыс бауырын жаңа көтерген күшік кезінде үйретіле бастайтындығын жеткізді.
Шекарашы кинологтарды дайындайтын Алматы қаласында орналасқан Қызметтік кинология басқармасының тарихы мен бүгінгі тәжірибесін әңгімелеп берді. Ал департаменттің ветеринар маманы, аға лейтенант Омаров Дәулет иттерде көп кездесетін ауру түрлерін, олардың себептері мен алдын алуда білу керек ақпараттар ұсынды.
Тәрбиелік шараның екінші бөлімінде шекарашылар мектеп ауласында қызметтік иттердің қабілеттерін үйірме мүшелеріне практикалық түрде көрсетіп, таныстырып өтті. Жас патриоттар қызметтік иттерді күтуге арналған жабдықтарды тамашалады. Әсіресе, «Ұзынқұдық» шекара бөлімшесінің әскери қызметшісі, аға сержант Накипов Мараттың «Сак» лақап атты неміс овчаркасының жергілікті жерде жасырынған заттарды іздеп табуы мен мемлекеттік шекараны шартты бұзушыны ұстаудағы көрсеткен шеберлігі жас сарбаздарға ерекше әсер қалдырды.
Аталмыш үйірме алдағы уақытта қала, облыс көлемінде ауқымды жұмыс жоспарын бекітіп, басқа да оқу орындарымен тікелей байланыс орнатпақ. Сонымен қатар салмақты шара жас жеткіншектердің әскери қызметке дайындығын қазірден бастап қалыптастыруға зор ықпал етері анық.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<