«Zhas project» жеңімпаздары анықталды

323

0

Әлеуметтік салаға бағытталған «Zhas project» шағын грант байқауы мәресіне жетті. Жобаға өтінім қабылдау барысында NEET санатындағы 18-35 жас аралығындағы 274 жас қатысуға ниет білдірген. Техникалық іріктеуден 98 өтініш өтіп, оның 42-сі байқау талабына сай комиссияның қарауына ұсынылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Zhas project» жобасының облыс бойынша тәлімгері Әкімбек Әлібек хабарлады.

– Жоба NEET санатындағы жастарды нәтижелі жұмыспен қамтуға бағытталған. Байқауда халықтың осал топтары мен шалғай ауылдық елді мекендердің жастарына ерекше басымдық берілді. Сонымен қатар, бірінші кезеңде 400-ден астам қатысушы кеңес алып, шалғай аймақтарда тұратын жастармен кездесу ұйымдастырылды. Екінші кезеңде іскерлік дағдыларды үйрету, дамыту және жүзеге асыру бойынша тренингтер өткізілді. Ал үшінші кезеңде байқау жеңімпаздары өз әлеуметтік жобаларын облыс жұртшылығына, БАҚ өкілдеріне және меценаттарға ұсынды, – деді Ә.Әлібек.

Жоба қорытындысымен 14 бизнес-идея үздік деп танылып, оны жүзеге асыруға 1 млн теңге көлемінде қаржы берілді. Соның бірі – жаңақорғандық Бөкейхан Пірмат ұсынған вулканизация жобасы. Бұл жобаның ерекшелігі – әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар, оның ішінде көлік жүргізушілерінің автобөлшегін тегін жөндеп, көмек көрсетіледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<