Жас спортшының жеңісі

2818

0

Түрлі бәсекелерде топ жарып жүрген жастардың бірі – Нұрсәулет Әлайдар. Жас спортшы қазір Ә.Қоңыратбаев атындағы №48 мектеп-лицейдің 10 сыныбында оқиды.

Нұрсәулет 30 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Алматы қаласында өткен ауыр грэпплинг AIGA-дан Қазақстан чемпионатында 60 келі салмақта жүлделі бірінші орынды иеленді. Ашық турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Бразилия, Ресей мемлекеттерінен 1200 жас спортшы қатысқан.

Байрақты бәсекеге Шиелі ауданынан 18 бала қатысып, 15 бала жеңіс биігінен көрінді. Қоржынға 4 алтын, 5 күміс, 6 қола түсті. Айта кетсек, өңірде джиу-джитсу жекпе-жек спортына қызығушылық танытқан ынталы жастардың саны артып келеді. Осы спорт түрін сенімді серігі санаған спортшылар республикалық, облыстық бәсекелерде топ жарып жүр.

«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, спортта баланы баптайтын жаттықтырушының еңбегі жоғары. Нұрсәулеттің жаттықтырушысы – білікті бапкер Ербол Ділімбетов.

Білектің күшімен қатар шеберлікті талап ететін бұл спорт түрімен шұғылдануға кез келген жігіттің жүрегі дауалай бермейді. Нұрсәулет – бұған дейін де байрақты бәсекелерде топ жарып жүрген жастардың бірі. Айталық, Талдықорған қаласында панкратионнан өткен республикалық жарыста топ жарып, жүлделі үшінші орынды иеленді. Жалпы, қазірдің өзінде оның қоржынында 10 алтын, 6 күміс, 7 қола медаль бар.

Қазақта «Болар баланың бетін қақпай, белін бу» деген тәмсіл бар. Сондықтан, Нұрсәулет секілді ертеңінен зор үміт күттіретін жас спортшының әлі де талай дүбірлі жарыстардан жеңіспен оралатынына сенім мол.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<