Жастар тәрбиесі – ортақ жауапкершілік

324

0

Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген кезекті алқа мәжілісіне облыстық мәслихат төрағасы М.Тілеуімбетов, алқа мүшелері, басқарма басшылары, салалық ардагерлер кеңестерінің, тексеру және тұрақты комиссиялардың төрағалары, ардагерлер қозғалысының белсенділері, БАҚ өкілдері, онлайн режимде аудандардың ардагерлер ұйымдарының алқа мүшелері мен белсенділері қатысты.

Алқа мәжілісінде «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты бойынша облыстағы ардагерлер ұйымдарының алдағы міндеттері» тақырыбында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаевтың баяндамасы тыңдалды.

– Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіндегі сұхбатында: «Бір ғана тілегім, ақыл-кеңесім бар: жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі керек. Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанын қалаймын» деген болатын.

Бұл сөзді бізге жүктелген міндет деп білуіміз керек. Қазыналы қарты болмаса, қарақты ағасы болмаса жастар жаман мен жақсының аражігін қалай ажыратпақ? Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы аталған сұхбатында лудоманиямен, яғни құмар ойындарға салынушылықпен күреске қатысты заң күшіне енгенін айтты. Заңда букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына едәуір шектеу қойылған, кәмелетке толмағандарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген, аты-жөні борышкерлердің бірыңғай тізіміне енгізілген азаматтардың құмар ойын ойнауына тыйым салынған.

Президент сөз етіп отырған мәселе – талай шаңырақты шайқалтқан, адамдарды қылмыс жасауға, өзіне қол жұмсауға итермелеген қазіргі қоғамдағы ең үлкен проблемалардың бірі. Сондықтан бұл мәселеге бүкіл қоғам жауапты болу керек деп есептейміз, деді С.Дүйсенбаев. Кеңес төрағасының айтуынша, осы мақсатта ардагерлер кеңесі қоғамдық даму басқармасымен арнайы меморандумға қол қойған. Оның аясында жастарды еңбекқорлық, кәсібилік, адалдық, еңбек даңқы, ата-бабаның ұлттық салт-дәстүрінде тәрбиелеуде бірлескен жұмыстар ұйымдастырылады.

Біз, ұлағатты сөзімізбен де, ісімізбен де жастар тәрбиесіне әр күн сайын үлес қосуға дайын болуымыз қажет, – деп тоқталды С.Дүйсенбаев.

Жарыссөзде Шиелі аудандық ардагерлер  кеңесінің  төрағасы Ө.Исмайыл, облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғ.Бекенов, облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Ә.Қалтаев сөз алып, күн тәртібінде қаралып отырған мәселеге байланысты ой-пікірлерін ортаға салды. Ардагерлердің пікір алмасуы барысында Мемлекет басшысының сұхбаты кеңінен ашылып, онда көтерілген мәселелердің орындалуына аға буын қауымы жауапкершілікпен атсалысатыны айтылды.

Күн тәртібінде аймақтағы ардагерлер кеңестерінің алдағы міндеттері, яғни елдегі қоғамдық-саяси ахуалды басшылыққа ала отырып, 2025 жылға әзірленген жұмыс жоспары таныстырылды. Сондай-ақ ішкі құрылымды жетілдіру мен ардагерлер қозғалысын көпшілікке таныту мақсатында кезекті пленумды шақыру мәселесі қаралып, бекітілді.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<