Жастық жігер асыл арманға жеткізеді

647

0

Кеше Жастар орталығында облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Отырысты облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жүргізіп, күн тәртібінде бірқатар мәселе қаралды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет, Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев, облыстық басқарма басшылары мен түрлі ұйым өкілдері болды. Аудан әкімдері де ZOOM платформасы арқылы онлайн қатысып, аймақ жастары тарапынан түскен сауалдар мен ұсыныстарды мұқият тыңдады.

Алдымен өңір басшысы жастар идеясынан туындаған бірқатар жоба топтастырылған көрмені аралады. Мұнда «Dream liner» жобасы, «Садақшы» ойыны, «Электронды кітапхана жүйесі» мен «Көкарал» консервіленген балық өнімі таныстырылып, негізгі ерекшеліктері айтылды.

Жиын барысында қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету жайы талқыға түсті. Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов өңірдегі білім беру жағдайы туралы баяндама жасап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Жас ғалымдарды қолдау, олардың шығармашылығын дамыту, ғылым бағыттары бойынша білімін тереңдету мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетімен тығыз байланыс орнатылған. Ал аймақтағы 30 колледжде еңбек нарығына қажетті 97 мамандық бойынша 18940 студент білім алады. Биыл кадр даярлауға жергілікті бюджеттен 3108 орынға мемлекеттік тапсырыс бөлінді.

Сондай-ақ колледж студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету жүзеге асырылуда. Бізде жатақханаға қажеттілік 1375 орынды құраса,  2019 жылы 330 орынға арналған «Студенттер үйі» пайдалануға берілді. Былтыр жеке кәсіпкер тарапынан екі колледж үшін 400 орындық жатақхананың құрылысы аяқталды. Биыл да «Арал құрылыс» ЖШС 75 орынға арналған Арал көпсалалы колледжінің жатақханасын салып берді, – деді ол.

Осы ретте «Jas Оtan» жастар қанаты» облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңес мүшесі Медет Жорабек студенттерді жатақханамен қамтуда әлі де қиындық барын айтып өтті. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Б.Бердәулетовтің мәліметіне қарағанда мектеп бітірушілердің 98 проценті жоғары оқу орны мен колледждерде білім алады. 78 мектеп бітіруші жұмысқа орналасыпты. 17 бітіруші дайындық курсына түссе, 6 түлек денсаулығына байланысты оқуын жалғастырмаған. бір адам әскер қатарына кеткен. Мектеп бітірушілердің ішінде 33-і жұмыссыз. Қазір оларды жұмыспен қамту бойынша тиісті шаралар қабылдануда.

Аймақ басшысы жетіспейтін жатақхана мәселесі мен биылғы оқу жылында ҰБТ-ға қатыспаған және шекті балл жинай алмаған түлектерге байланысты бір ай көлемінде нақты ұсыныс енгізуді жауапты басқармаға тапсырды.

Кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе – жастар кәсіпкерлігін дамыту мен стартап жобаларын қолдау. Бұл жайлы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердауси Қожабергенов баяндады. Оның айтуынша, биыл 1183 жас арнайы кәсіпкерлік негіздері бойынша курс оқып, 800-інің жаңа бастамаларына «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде 467,7 млн теңге көлемінде грант табысталған.

– Сонымен бірге кәсіпке ұмтылған жастардан 179 өтінім түсіп, 68 жаңашыл жоба «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Мұнымен қоса жастардың жобаларын мем­лекеттік бағдарламалар аясында несиелендіру жұмыстары қоса атқарылуда. Жалпы жыл басынан бері шағын және орта бизнестің 1700-ден астам жобасына 18,4 млрд теңге несие берілді. Оның ішінде, жастардың үлесі – 15,2 процент. Баршамызға белгілі, жастар – отандық экономиканы жаңа белестерге шығаруға қабілетті авангард. Мемлекет тарапынан қолдау шаралары да жылдан жылға артып келеді. Облыста жұмыс жасайтын 50 мыңнан астам кәсіпкердің 24 процентін, яғни 12 мыңға жуығын жастар құрайды, – деді басқарма басшысы.

Облыс әкімі жауапты басқарма басшысына жастармен жұмысты ұйымдастыру барысында айтылған ұсыныстарды ескеруді назарға салды.

Аймақ басшысы ҰБТ-ға қатыспаған және шекті балл жинай алмаған түлектерді қысқа мерзімді оқуға жолдау бойынша жұмыстар жүргізу, техникалық және кәсіптік білім беру орындарындағы жастардың өзін-өзі басқару ұйымдарының жұмыстарын күшейту бойынша тапсырма жүктеді. Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдарламаларды насихаттауды күшейту керектігін, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру комиссиясы құрамына жастар ұйымдарының өкілдерін енгізу керектігін баса айтты.

Мұнан соң, облыс әкімі жастармен пікір алмасып, ұсыныс-тілектерін тыңдады. Жастардың көтерген сауалдарының арасында баспанамен қамту мәселесі де бар.

– 2018-2020 жылдары облыста «Орда» аймақтық тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында  98 жас отбасыға тұрғын үй берілді. Аймақ халқының төрттен бір бөлігін құрайтын жастардың атынан айтылған ұсынысты жан-жақты қарайтын боламыз. Жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасауымыз қажет. Осы ретте облыс әкімінің тиісті салаға жетекшілік жасайтын орынбасары, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы қала әкімдігімен бірлесіп, өзге өңірлер тәжірибесін зерттей отырып, өңірлік бағдарлама әзірлеу бойынша ұсыныс енгізуді тапсырамын,  –  деді облыс әкімі.

Гүлшара Әбдіқалықова кеңесті қорытындылай келе, аймақ дамуына үлес қосып жүрген жастарды марапаттады. Атап айтсақ, облыстың Құрмет грамотасы Элизабет Тұрсынбаеваға табысталды. Облыс әкімінің «Алғыс хатымен» Мұхтар Ниязов, Күнсұлу Түркпен, Евгений Деминенко, Сағатбек Сиюов, Елена Пак және Әлібек Ізбасаров марапатталып, құрмет төрінен көрінді. Сондай-ақ, аймақ басшысы Жастар ресурстық орталығына бейнекамера тарту етті.

Шара соңында өңір басшысы аймақтың белсенді жастарына ризашылығын білдіріп, елдің дамуына қосып жүрген үлестерін бағалайтындығын жеткізді.белсенді жастарына ризашылығын білдіріп, елдің дамуына қосып жүрген үлестерін бағалайтындығын жеткізді.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<