Жауынгерлер ел жадында

773

0

«Тағзым» алаңында бұдан 28 жыл бұрын тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті.

Іс-шарада облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов ел тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін күзеткен жауынгерлердің рухын оятуда мұндай іс-шаралар зор маңызға ие екенін айтып, ардагерлерге ізгі лебізін білдірді.

– Бүгін тәжік-Ауған шекарасындағы соғыстың аяқталғанына 28 жыл толып отыр. Оған Сыр өңірінен 400-ге жуық сарбаз аттанып, оның үшеуі қаза болған, төрт сарбаз жарақаттанған. Отан алдындағы борышын адал атқарып, жанқиярлық ерлік көрсеткен жауынгерлердің алдында бас иіп, тағзым етеміз. Тәжік-ауған соғысы ардагерлерін қадірлеп-құрметтеуді біз өзіміздің борышымыз деп білеміз. Кеудесін оққа тосқан жауынгерлердің ерен ерлігі қанша уақыт өткеніне қарамастан ел есінде, ұрпақ жадында сақталады, – деді ол.

Сондай-ақ тәжік-ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарға және әскери қақтығыстарға қатысушы ардагерлер одағы облыстық филиалының төрағасы Марат Орынбайұлы шейіт болған 17 жауынгерді еске алып, олардың қайтпас қайсарлығын, өшпес ерлігін баян етті.

Қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтары қойылды. «Нұр» мешітінің наиб имамы Н.Нәби олардың рухына Құран бағыштады.

Айта кетейік, 1995 жылы 7 сәуірде Тәжікстан Республикасының Пшихавр тау шатқалында жауынгерлер содырлардың қарулы шабуылына тап болды. Күші басым қарсыласпен төрт сағатқа созылған ұрыс барысында жауынгерлер әскери антқа адал болды. Бұл шайқаста 17 адам ерлікпен қаза тапты, 30-дан астамы жараланды. ҚР Жоғарғы Кеңесінің Қаулысына сәйкес, 1993-1999 жылдары бұрынғы ішкі әскердің, бүгінгі Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы әскери бөлімдерінің 2 мыңнан аса офицері мен сарбазы Тәуелсіз мемлекеттер достастығының бірлескен батальонында сыртқы шекараларды қорғау үшін тәжік-ауған шебінде бітімгершілік міндет атқарған болатын.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<