Жазушыға жеделхат жолдады

283

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдікке «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған сұхбатына орай жеделхат жолдады.

– «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатыңызды мұқият оқып шықтым. Өзекті ой-толғамдарыңыз арқылы ұлт руханияты үшін құнды дүниелер айтылған. Төл әдебиетіміздің даму көкжиегіне қатысты сын-пікірлеріңіз бен жас буынға қарата айтқан ақыл-кеңестеріңіз орынды деп санаймын.

Шын мәнінде, жаһанды жайлаған қазіргідей құбылмалы заманда жазушылар қауымы көркем туындылары арқылы әділдік, жақсылық және адамдық құндылықтарын кеңінен дәріптегені жөн. Бұл еліміздің келешегі үшін өте маңызды. Қаламыңыз қарымды болсын! Сізге мықты денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін! – делінген жеделхатта.

БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповпен кездесті.

– Аймақта 4 еншілес ірі кәсіпорын – «Байкен-U», «Хорасан-U», «Семізбай-U», «РУ-6» серіктестіктері уран өндірумен айналысады. Бұған дейін де өзіңізбен бірнеше рет кездесіп, бірқатар мәселені талқылаған болатынбыз.

Атап айтқанда, аймақтағы уран өндіруші компаниялардың әлеуметтік жауапкершілігі мәселесін көтерген едік. Бірлесіп атқарылған жұмыс нәтижесінде оң шешімін тапты. «ҚазАтомӨнеркәсіп» акционерлік қоғамы Қызылорда облысында бірқатар ауқымды жұмыс атқаруда. Уран өндіруші компаниялар өткен жылы 751,3 млн теңге салық төлеген. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғасын табады деп ойлаймын, – деді Н.Нәлібаев.

Басқосуда Мейіржан Юсупов екіжақты әріптестік одан әрі нығая түсетінін айтып, алдағы жоспарларын бөлісті.

Сонымен қатар, кездесуде Шиелі ауданы «Еңбекші» ауылдық округінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы арқылы көпір салу, 13 шақырымға дейінгі жолды жөндеу мәселелері талқыланды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<