Жеке шекараңды гүл секілді қорға

1067

0

Бір күні данагөй қарттың алдына бір сұлу қыз келіп, ақыл сұрайды. Еңірегенде етегі толып:

–       Қария, айтыңызшы, мен не істесем болады? Үнемі елдің бәріне жақсылық жасаймын, ешкімді ренжітпеймін, қолымнан келсе көмектескім кеп тұрады. Ал олар мені, керісінше, аяққа таптап, мазақ қылып, ренжітуден басқаны білмейді. Менің түк кінәм жоқ. Ақыл-кеңес айтыңызшы! – дейді.

Ақсақал алдындағы аруға күлімсірей қарады да:

–       Бастан-аяқ шешін де, сол күйіңше далаға шықшы, – дейді.

–       Ақылдан адастыңыз ба? – деп өз көзіне өзі сенбей, таңдана қарады. – Одан ары күлкіге қалып, абыройым айрандай төгілмей ме?

Сонда қария кідірместен қыздың алдына айна әкелді де:

–       Көрдің бе, елдің алдына денеңі жалаңаштап шығуға қорқасың. Онда неге жаныңды жалаңаштаудан қорықпайсың? Мына есіктей жаныңды айқара ашып қойған соң, кез келген кіріп, ойына келгенін істейді. Мейірбандығыңды көрген жұрт «жуас түйе жүндеуге жақсы» деп, саған оғаш қылық көрсетеді. Өзінен жақсырақ адам барын мойындау көбінің қолынан келмейді.

–       Енді не істеуге болады? – деп жанарын төмен салды бойжеткен.

–       Жүр, саған бақшаны көрсетейін. Мен мына гүлдерді қанша жылдан бері суарып келемін. Алайда қанша жерден жұпарын иіскеп, ләззаттансам да, олардың қалай гүл жарғанын бір рет те көрмеппін. Сен де осы гүл сияқты бол. Адамға жүрегіңді ашқанда ақырын ғана, байқатпай аш. Алдымен сенің кең пейіл көңіліңе кім лайық, кім сенің шын жанашырың, сенің жүрегіңдегі гүлді суаратын жан қайсысы, ал жапырағыңды жұлып, топырағыңды таптайтын қай адам – осыған көз жеткізіп ал.

Massaget.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<