Жем-шөп көптік етпейді

646

0

Биыл құрғақшылық тек батыс өңірлерде ғана емес, өзіміздің аймақта да орын алды. Дегенмен, қазір өңірдегі жағдай тұрақталды. Жем-шөп жеткілікті ме, қазіргі ахуал қандай?

Арал ауданында 2 рет, Аманөткел ауылдық округі және Арал ауданының орталығында жем-шөп жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеге ауданымыздың шаруашылықтарынан “Жаңажол”, “Достық Жер МК”, “Ақтөбе и К”, “Тұрмағамбет” ЖШС, “Оңталап” ШҚ, “Ораз Ахун ЛТД” ЖШС-нен 3 000 дана жоңышқа, 2 400 пішен шөптері апарылды. Сондай-ақ, аудан әкімі Төретам, Ақай елді мекендерін аралау кезінде тұрғындардан мал азығымен қамту жөнінде ұсыныс түскен болатын. Осыған орай, аудан әкімінің тапсырмасымен елді мекендердегі шаруа қожалықтарымен келіссөздер жүргізіліп, 31 шілде күні Дауылкөл, ІІІ Интернаицонал, Ақтөбе, Ақжар, Иіркөл, Жаңажол ауылдарындағы шаруа қожалықтарынан 6 автокөлікпен 2 220 дана жоңышқа, пішен прес шөптері Төретам, Ақай елді мекендеріне жөнелтілді.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі мамандарының мәліметінше, мал азықтары ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі аясында қолжетімді бағада және әрбір сатып алушыға шектеулі данадан сатылыпты. Сонымен қатар, ІІІ Интернационал ауылдық округінің бастамасымен ауыл әкімі аппаратының және мекеме қызметкерлері, «Достық Жер МК» ЖШС қызметкерлері, ауыл жастары, еріктілер Арал, Қазалы аудандарында орын алған қуаңшылыққа байланысты мал азығын дайындауға көмек қолын созып, шөп орды. Ал «Жаңажол» ЖШС жылдағы үрдісімен ауыл тұрғындарына 200 дана пішен пресс, 200 дана жоңышқа прессті әр отбасына нарық бағасынан төмен бағада шаруашылықта жұмыс жасайтын адамдарға 100 теңге, жұмыс жасамайтын тұлғаларға 150 теңгеден ұсынып отыр. Мүмкіндігі шектеулі, тұрмысы төмен 27 ауыл тұрғындарына 2700 жоңышқа пресс тегін таратты. Сондай-ақ, Дауылкөл ауылдық округі әкімдігі және «Тұрмағамбет» ЖШС-нің ұйымдастыруымен ауыл тұрғындарына бір дүркін көмек ретінде тегін 100 пресс пішен тарату жұмыстары қарқынды жүруде. Сонымен бірге, қазіргі таңда шаруашылықта жұмыс істейтін жұмысшыларға жоңышқа, пішен пресс шөптері нарықтағы бағадан бірнеше есе арзан бағада берілуде. Қуаңшылық кезінде мал азығын халыққа тегін үлестірген жергілікті әкімдік пен шаруашылық қызметкерлеріне ауыл тұрғындары атынан алғысын білдірген дауылкөлдік Күлəйім Сəдуақасова жұмыстарына сәттілік тіледі.

– Қысылтаяң шақта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір үйдің баласындай шарқ ұрып жатқан барша жаны жайсаңдарға алғысымды білдіремін, – деді ол сөз арасында.

Ал аудан әкімінің тапсырмасымен қыстың қамын жаз ойлау үшін мал азығын тегін орып алуға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі шаруашылық серіктестігі басшыларымен келісімге келіп, бау пішен орып алатын жерлер белгіленген. «Жаңажол», «Достық Жер МК», «Тұрмағамбет» ЖШС, «Оңталап» ШҚ-на тиесілі егістік алқабынан, атыздың басынан (суармалы канал бойы, жалпы су тастау каналдары бойы) пішен шөбін қол орақпен орып алуға болатынын жеткізеді мамандар.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<