Жеңісті жолдағы жерлестер

771

0

Кеше, Спорт күні мерекесі Сыр елінде ерекше тойланды. Ең әуелі мереке аясында велошеру өтті. Велошеруге кез келген қала тұрғынына қатысуға мүмкіндік берілді. Тұрғындар велосипедпен сағат 16:30-да сол жағалаудағы «Болашақ» университеті ғимаратының алдына келіп, шеруге тіркелді. Мәреге жеткен барша қатысушылар арасында лотерея ойнатылып, сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ Президент саябағында кешкілік мерекелік шара өтіп, концерттік бағдарламаға ұласты. Салтанатты кеште облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйлеп, спортшыларды құттықтады.

– Ойы сергек, дені сау ұрпақ – қоғам байлығы. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Дені сау ұлт – бәсекеге қабілетті. Сондықтан Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасы өңірімізде нақты орындалуда. Бүгінде спортпен жүйелі түрде айналысушылар саны 38 пайызға көтеріліп, 316 100 адамға жетті.

Халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арттыру мақсатында облыста спорт саласы бойынша 12 объектінің құрылысы жүргізілді, қазіргі таңда оның 5-уі қолданысқа берілді. 7 нысанның құрылыс жұмыстары жалғасып, биыл ел игілігіне табыстау жоспарлануда.

Үстіміздегі жылы сол жағалаудан заманауи талаптарға сай 7 мың орындық стадион бой көтерсе, Үкімет басшысының қолдауымен құны 7 млрд теңге құрайтын әмбебап спорт сарайын салу шешімін тапты. Сондай-ақ, өңірде қысқы спорт түрлерін қолдау мақсатында жергілікті бюджеттен 15 млн теңге қаржы бөлінді, – деді Нұрымбет Аманұлы.

Иә қашанда ел туын әлемдік аренада желбіретіп, абыройымызды асқақтатып, беделімізді биіктететін спорт саңлақтары екені баршаға мәлім. Жыл басынан бері облыс спортшылары ҚР чемпионаттарында 732 медаль жеңіп алса, Азия, Әлем чемпионаттарында 92 медальді қоржынға салды. Сонымен қатар жыл басынан бері 4 ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, 4 ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 48 ҚР спорт шебері, 598 ҚР спорт шеберлігіне кандидат спортшы дайындалған.

Көк туымызды биікке көтеріп, ел абыройын асқақтатқан чемпиондарын Сыр елі мақтан тұтып келеді. Осы тұста соңғы жетістіктерге тоқтала кетсек. Маусым айында Будапештте кикбоксингтен өткен Әлем кубогінде Нұрасыл Тілектесов чемпион атанса, Диас Қарман мен Әбдіхай Заманбек күміс және қола медальдарды иеленді.

Отырып ойнау волейболынан облыстың үш бірдей спортшысы ұлттық құрама команда сапында өнер көрсетіп, келер жылы болатын Паралимпиада ойындарына жолдама алды. Ал Астана қаласында пара дзюдодан өткен Азия чемпионатында Олжас Оразалыұлы қола жүлде иеленсе, Грузияда пара пауэрлифтингтен өткен Әлем кубогінен спортшылар 6 медаль еншілеп, ел намысын қорғады. Оған қоса, биыл Қытай мемлекетінің Ханджоу қаласында 40 спорт түрінен өтетін XIX Азия ойындарына да өңірімізден 6 спорт түрі бойынша 14 спортшы қатысады.

Алдағы уақытта да Сыр спортшыларының бойынан жігерлілік, асқақ рух, ұлтжандылық қасиетті, жеңіске ұмтылыс пен қажырлы қайратты көретінімізге сенеміз.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<