Жеңісті жолдың жалғасы

1347

0

Қызылордадағы «Евразия» спорт кешенінде дзюдодан 2004-2006 жылы туған жастар арасында қоғам қайраткері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Болатбек Сүлейменовті еске алуға арналған ХХІІ халықаралық турнир болып өтті.

Турнирге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және еліміздің бірнеше облысынан 315 жас балуан қатысты.

Турнирді облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет ашып, осы дәстүрлі турнирдің кілемінен шыққан кіл мықтының бүгінде қазақ елі намысын қорғап жүрген белді балуандарға айналғанын айтып өтті. Сол жолды жалғастырушы жас спортшыларға ақ жол тіледі.

ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қызылорда облысының дзюдо федерациясының вице-президенті Ишанбек Жұмабаев турнир тарихына қысқаша тоқталып, ұйымдастырушыларға ризалығын білдірді.

Республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының директоры, спорт жанашыры Қыдырбек Рысбек пен құрметті теміржолшы Өмірбек Жүсіпов құттықтау сөз сөйлеп, туған жерін түлеткен еңбек майталманы Болатбек Сүлейменов туралы жылы естеліктерін ортаға салды. 

Болатбек Сүлейменовке ақын інісі Шәкизада Әбдікәрімовтің арнаған естелік өлеңін қалалық жастар театрының артисі Мақсат Серіков мәнерлеп оқыды.

Екі күнге созылған белдесуде жерлестеріміздің жеңісті жолын жалғастырған ұл балалар сапынан жалғыз Әзиз Алтынбай (90 кг) болды. Ол бірнеше қарсыласына төпеп беріп, 2-орын иеленді. Ал қыздарымыз атой салып, алдыңғы үштіктен көрінді. 

Аружан Әбілқасым (52 кг) мен Көркем Бақытбек (78 кг) 1-орын, Аружан Алмағанбетова (48 кг) 2-орын, Арайлым Әлімова (52 кг), Әсемай Рүстемова (70 кг), Дина Мұхамед (63 кг), Зарина Мұрадасыл (63 кг) секілді балуандар 3-орын жүлдесін олжалады.

Есте қалар әсерлі сәтте жүлделерді Қорқыт ата университетінің денешынықтыру және бастапқы әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі Талант Бимаханов, облыстық мәслихат депутаты, полиция полковнигі Әмір Шаймағанбетов, КСРО спорт шебері, спорт ардагері Абылай Жолдыбаев, облыстық дзюдо федерациясының президенті, облыстық мәслихат хатшысы Садық Мұстафа секілді азаматтар табыстады.

Дәстүрлі турнир елін ардақтап, еңбекті қадірлеген азаматтың атын ұрпаққа үлгі қылу, жастарды отаншыл рухта тәрбиелеу секілді өз мақсатын орындап келеді. Бұл игі істің басында Болатбек Сүлейменовтің бел баласы Сыр еліне танымал азамат Сағатбек Сүлейменнің тұрғанын күрес десе қаны тулайтын жұртшылық жақсы біледі. Сондықтан да оның атына алғысқа толы лебіздер айтылып жатады. Біз сол ізгі ниетті баспасөз арқылы білдіріп отырмыз.

«Жақсы әке балаға қырық жыл азық» деген, дәстүрлі турнир жас балалардың аптал азамат болып қалыптасуына қызмет ете берсін, әрқашан жақсылықтың жолы ашық болғай!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<