Жергілікті 100 тонна картоп тұрақтандыру қорына

478

0

Аймақта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру үшін биыл облыстық бюджеттен 3 млрд 300 млн теңге бөлінген. Бұл орайда «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тиімді жобалары бойынша бірқатар жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асты.

Сондай-ақ, жыл басынан бері тұрақтандыру қорына 11 мың 218 тоннадан астам азық-түлік тауарлары сатып алынған. Сондай-ақ, аталған корпорация жергілікті тауар өндірушілердің де өнімдерін сатып ала отырып, баға тұрақтандырумен қатар халықты өз өнімімізбен қамтамасыз етуді жолға қоюда. Оның бір айғағы – қор жергілікті «Ер-Әлі» шаруа қожалығынан 100 тонна картоп алуға шарт жасасты.

– Жергілікті кәсіпкерлердің өнімін халыққа ұсыну – ішкі нарықтағы айналым әлеуетін көтереді, сырбойылықтардың өз өнімін тұтынуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде шаруаларға өнімді өзге облыстарға жібермей, сыртқа эспорттамай өңірде қалдыруда тиімді болмақ. Қазіргі таңда 100 тонна картопты «Ер-Әлі» шаруа қожалығынан сатып алуға келісім-шарт жасалды. 35,12 тоннасы қоймаға жеткізілді. Айта кетейік, бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында  310,2 млн теңге шамасындағы барлығы 1218 тоннадан астам қант, қарақұмық жармасы, өсімдік майы, күріш, картоп, бірінші сортты ұн, т.б өнімдер қоры сақтаулы. Қытымыр қыста халық қажетті басты өнімдерді әлеуметтік дүкендерден алуына мүмкіндік бар, – дейді «Байқоңыр» ӘКК АҚ басқарма төрағасы Самат Нұрахметұлы.

Айта кетейік, әлеуметтік дүкендер мен сауда орындарындағы өнімдердің бағасына күн сайын мониторинг жүргізу мақсатында қоғам тарапынан бекітілген жауапты қызметкерлер тұрақты бақылау жүргізеді. Бүгінгі күні барлық әлеуметтік дүкендерде 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары белгіленген бағада сөреде тұр. Бұл ретте тауарларды көтерме сатып алу және қайта сату фактілеріне жол бермеу сынды мәселелер ұдайы пысықталып отыр. Мысалы,бір сатып алушыға нан 3 бөлке, қант 1, картоп 3, сәбіз 2 келіден беріледі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<