Жетікөлде жаңа мешіт ашылды

825

0

«Рухани жаңғыру» аясында халықты имандылық пен тұрақтылыққа үндеген тағы бір игі іс өмірге келді. Сырдария ауданының Жетікөл ауылында жаңа мешіт бой көтерді.

Мешіттің ашылуына қалың жамағатпен бірге облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов, «Ақмешіт-Сырдария» мешітің бас имамы Болатбек Әбуов қатысты.

Салтанатты шара Шыңғыс қаридың ата-бабалар аруағына құран бағыштауымен басталды.

Көпшілікті жаңа мешіттің ашылуымен құттықтаған Н.Байқадамов: «Дін тірегі – имандылық. Ал, имандылық Алла Тағалаға сыйынған әр адамды тек жақсы, ізгі қасиеттерге тәрбиелейді, әділет-парасат жолымен ғана жүруге үндейді», –  деген еді Елбасы Н.Ә.Назарбаев.

Бүгін бой көтеріп отырған мешіт пен ел-жұрттың имандылыққа деген ықыласы – халқымыздың әділет-парасат жолындағы игі істерінің бір парасы.

«Уықты басқұр, ұлтты дәстүр ұстап тұрады» дейді халқымыз. Осы имандылық үйі ұрпағымызға діннің дәстүрімізбен қабысқан дұрыс жолын ұстанып, ұлағатты тәрбие алатын орын болсын», – деп тілек білдірді.

Жаңа мешітті өз қаражатымен салып берген «Компания Даулет-Азия» ЖШС құрылтайшысы Талғат Сәбитұлы Дәулетовтің елшілдігі, руханиятшылдығына риза болған жұртшылық оған өз алғыстарын айтты. Қыпшақ Алтыбас аталығының үлкендері халық игілігі үшін сауапты іс жасаған Талғат Дәулетовтің анасына сый-сияпат көрсетіп, өзіне ат мінгізіп, шапан жапты.

Шара соңында аруақтарға ас беріліп, салым ұйымдастырылды. Салым жолында оза шапқан тереңөзектік Руслан Қалабаевтың күрең аты иесіне Қажымұқан атындағы жүлдеге тігілген жылқыны алып берді. Сондай-ақ, Жалағаштан, Қаракөл ауылынан келген шабандоздар бәйгелі болды.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<