Таланттың талабын шыңдаған

502

0

Тарихы 1974 жылдан бастау алатын қосымша білім беру оқу-әдістемілік орталығы бүгінде мектеп оқушыларының 1500-ға жуығын төрт бағыт бойынша жұмыс жасайтын үйірмелермен қамтамасыз етіп отыр. Орталықта шәкірттер «Көркем-шығармашылық», «Туристік-қолданбалы», «Бейіндік оқыту бөлімдері» және  «ІТ IMAQORDA балалар технопаркі» жалпы саны 57 үйірмеде уақыттарын тиімді өткізіп, кәсіби бағдар алады. Орталықта сонымен қатар мектепалды даярлық топтары 200 баланы қамтып мектепке дейінгі білім береді.

Орталықтың педагогикалық құрамы педагог-зерттеуші, сарапшы, модераторлардан және педагогика, жаратылыстану ғылымдарының магистрлерінен, республикалық дәрежедегі жаттықтырушылар мен төрешілерден тұрады.

Білікті педагогтар республикалық, облыстық, қалалық семинарларда шеберлік сағаттарын өткізіп, республикалық қосымша білім беру орталығының жоспарына сай өткізілетін біліктілікті арттыру курстарында теориялық және тәжірибелік дәрістер өткізеді.

Орталықта жас ұрпаққа жан жақты білім беру, тұлғалық дамуын қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті дағдыларын арттыру, дарынды балалардың жұлдызын жағу мақсатында әртүрлі бағыттағы байқаулар өткізу жолға қойылған. Спорттың шахмат, тоғызқұмалақ түрлерінен турнир өткізу, «RoboFest», «3D QYZYLORDA», «Stop Kadr», «Балауса-балдәурен» өнер фестивалі, «Жыр-аманат», «Абайдың сөзі – ақылдың көзі» байқаулары және бейіндік оқыту бағыты бойынша интеллектуалды сайыстар дәстүрлі түрде өтеді.

Сонымен қатар қосымша білім беру орталығы  балалардың жазғы демалыс уақытын тиімді ұйымдастыруды да қамтамасыз етіп, «Жазғы тайм» танымдық-мектебінің жұмысын жүргізуде.

2021-2022 оқу жылынан бастап облыстық телеарнамен жасалған меморандум нәтижесінде «Бала Орда» балалар телебағдарламасы жарыққа шықты. Қазір жүйелі жұмыс істеп келеді.

Үздіксіз атқарылып келе жатқан игі істердің нәтижесінде орталық ұжымы әр жыл сайын «Өнерлі шәкірттер самғатқан ұжым», «Жаңа идеялар жаршысы», «Үздік қосымша білім беру мекемесі», «Үздік мектептен тыс мекеме» номинацияларымен марапатталып келеді.

Ал педагог-мамандар – республикалық «Үздік авторлық бағдарлама», «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Әдістемелік вернисаж» конкурстарының, облыстық «Үздік қосымша білім беру педагогі», «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Үздік мұғалім», «Үздік әдіскер», «Талантты жас» сынды байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және облыс әкімінің «Сыр үміті», қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығының иегерлері.

Шәкірттердің де бағындырып жүрген белесі аз емес. Спорттық және спорттық-туризм сайыс түрлерінен, көркем-шығармашылық бағыт,  қолөнер, ІТ салалары бойынша халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда үйірме оқушылары бірнеше мәрте жеңімпаз атанып, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Осындай еңбегімен еленген орталықтың 6 оқушысы «Қазақстанның үміт артарлары» жинағына енді.

Алдағы уақытта орталық жұмысының жанданып, талай талантты танытып, сан баланың жұлдызын жағатынына, жас ұрпаққа қосымша білім мен тәрбие беруде игі істер атқарылатынына үлкен сенім білдіреміз!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<