Жетістік жілікті жобалардан жасалады

327

0

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстар туралы журналистерге баспасөз  мәслихатын өткізді.

Биылғы жылдың қорытындысымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң көрсеткіштерге қол жеткізілді. Осындай орайлы істер 11 айда құрылыс, жол, энергетика, коммуналдық шаруашылық салаларында да көрініс берді.

– Жалпы құрылыс саласында негізгі екі көрсеткіш белгіленген. Аталған уақытта құрылыс жұмыстарының көлемі 106,4 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 21,1 пайызға өсіп отыр. Тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 604 мың шаршы метрді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға артты. Жыл басынан бері облыста 115 нысан құрылысы жүргізілді. Оның ішінде білім саласында 12, денсаулық сақтау саласында 6 нысан бар.  Ал мәдениетте 8, спортта 17 нысан елдің игілігіне айналады. Қазір тұрғын үй құрылысы бойынша 1 422 пәтерді құрайтын 32 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 38 жоба жүзеге асырылды, – деді Мархабат Жайымбетұлы.

Аймақ басшысының қолдауымен өңірде заманауи үлгідегі жаңа әлеуметтік нысандар салу бастамасы сәтті іске асырылуда. Атап айтқанда, Бейбарыс сұлтан көшесінің бойындағы «Өнер орталығы» мен «Неке сарайы» алдағы жылы ел игілігіне беріледі. Республикалық бюджеттен облыс бойынша 128 нысанның құрылысы жүргізілмек. Оның ішінде 52 нысан 2022 жылдан өтпелі болып отыр.

– Аймақта демеушілер есебінен жүзеге асып жатқан жобалар бар, – деп атап өтті Мархабат Жайымбетұлы. – Биыл туған жерді түлетуге жанашыр меценаттар мен кәсіпкерлер 9 млрд теңгеден асатын жобаларға демеушілік жасап отыр. Олардың ішінде құны 1,5 млрд теңгені құрайтын  «Анаға тағзым» орталығы алдағы жылы мамыр айында пайдалануға беріледі. «Қазгермұнай» бірлескен кәсіпорны басшылығымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» бой көтермек. Алдағы жылы 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадион құрылысын бастау жоспарда тұр.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, газдандыру бойынша ілгерілеу бар. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарын табиғи газбен қамту үлесі 67 пайызға жетті. Оның ішінде Қызылорда, Арал, Қазалы, Байқоңырдың басым бөлігі «көгілдір отынға» қосылды. Жыл басында газдандыруға республикалық бюджеттен 2,7 млрд теңге берілсе, ол жыл соңында 3 есеге өсті. Қазірге дейін 7 жоба толық аяқталса, тағы сондай жобалар алдағы жылға өтпелі болып отыр.

Өңірде әртүрлі кернеудегі 10 мың шақырымнан асатын электр желілері 2 мыңға жуық қосалқы станция бар. Негізгі электр желілері мен қосалқы станциялар өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында қолданысқа берілген. Жалпы тозу деңгейі 68 пайызды шамалайды. Қазір КРЭК акционерлік қоғамы 5 қосалқы станцияны жаңғырту жобасын әзірлеуге кірісті. Облыста күрделі жөндеуді қажет ететін 566 үй бар. Алдағы жылға 40 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу ойластырылуда.

– Өздеріңіз білетіндей, түркиялық «Акса Энерджи» компаниясының инвестициясы есебінен қолданыстағы «Қызылордажылуэлектрорталығы» кәсіпорнының аумағында жаңа ЖЭО салынады. Ал  облыс бойынша 208 шақырым жылу құбырының тозуы 47 пайызды құрап отыр. Алдағы жылға 5 жобаның сараптама қорытындысы алынды. Ол тиісті министрлікке жіберілген. Қалған 9 жоба республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаржы тартуға ұсынылады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ, қаладағы жолаушылар тасымалын тиімді ұйымдастыру мақсатында автобус паркін жаңарту жұмыстары жүргізілді. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы үлкен сыйымдылықтағы 150 автобусқа тапсырыс беріліп, бүгінде оның 100-і келіп, жолаушыларға қызмет көрсетуде. Қалғаны келесі жылдың басында келуі тиіс. Алдағы уақытта олардың қатары тағы да 150 автобуспен толықтырылмақ.

Әуе қатынастарын дамытуда жолаушылар мен жүк ағымын ұлғайту, қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін әуежайдың жаңа терминалын салу жөнінде шешім қабылданды. Терминал құрылысын қаржыландыру жеке инвестор Болат Өтемұратов қоры есебінен жүзеге асырылады. Жобаның құны – 25 млн АҚШ доллары.

Шын мәнінде, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында аталған мәселелер өте өзекті болатын. Қазір үлкен қолдау, табанды қозғау салынып, жаңа әрі өте маңызды жобалар бастау алды. Бұл алдағы жыл ауқымында қыруар еңбектің атқарылатынын айғақтайды.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<