Жинаққа тың туындылар топтастырылды

1073

0

«Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет айтып берді.

«Сыр өңірінің фольклорлық антологиясы» атты үш томдық жинақтың шығуына филология  ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бағдат Кәрібозұлы жетекшілік етуде.  Аталған антологияны әзірлеу үшін үш кезең бойынша жұмыстар жүргізілді. Бүгінде облыс әкімінің қолдауымен жинақтың бірінші томы «Жанқожа батыр» деген атаумен жарық көрді. Жинаққа батыр туралы тың тарихи деректер мен жырлар, оның ішінде Мұсабай жырау, Лұқпан Кенжеғұлұлы, Қарман Сұлтанұлы, Жекей Шаңғытбайұлы, Орнықбай Сұлтановтың бұрын баспа бетінде жарияланбаған жыр нұсқалары топтастырылды. Оның ел тарихын танып-білуге ынталы оқырман мен жас ұрпақ үшін маңызы зор.

– Өскелең ұрпақты отансүйгіш­тікке, ұлтжандылыққа тәрбиелейтін бұл жинақ оқырман қауымға жол тартқалы отыр. Жинақтың тұсаукесер рәсімі жақын күндері өтеді.  Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында жүзеге асырылған жоба – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үлкен тарту. Әдебиет пен өнер зерттеушілері үшін құнды дерек. Аймақтың тарихи және рухани-мәдени даму белестерін саралау, насихаттау  арқылы жаңғырған қоғамда адамның жаңа келбетін қалыптастыру үшін өңірімізде жүзеге асырылып жатқан «Сыр елі» мегажобасы бойынша атқарылған ауқымды, маңызды жоба­лардың бірі болмақ, – деді Серік Ахмет.

Жоба жетекшісі Бағдат Кәрібозұлы  антологияның  бірінші томы туралы кеңінен баяндады. Екінші  және үшінші томдарға ел ішіндегі көнекөз қариялардан жазып алынған, Сыр елінде өмір сүрген ахундар мен ишандар туралы деректер, құнды мәліметтер мен аңыз-әңгімелер, Сыр сүлейлері жырлаған, сирек орындалатын қисса-дастандар енгізілетінін айтты. Жоба төңірегіндегі атқарылатын жұмыстар мен алдағы жоспарлар турасында әңгімеледі.  Келесі томдардың жарыққа шығатын мерзімі және құнды мәлімет қорын жинақтауда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<