Жүк тасымалдаушылар жұмысы назарда болмақ

334

0

Облыстық мекемелер үйінде ҚР 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуын сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топ мүшелерінің кезекті отырысы өтіп, онда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, инертті жүктерді тасымалдаушылар алдындағы әкімшілік кедергілерді жою, жер қойнауын пайдаланушылардың жүк тасымалына қатысты ереже талаптарын сақтауына байланысты мәселелер талқыланды.

Отырысқа ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Абзал Мұхимов және жер қойнауын пайдаланушы мекемелер басшылары мен кәсіпкерлер, облыс бойынша мемлекеттік кірістер, экология департаменттерінің, облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен облыстық көліктік бақылау, аймақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының басшылары қатысты.

Басқосуда карьер басшыларының тасымалдаушыларға жүк құжатын бермеуі, салдарынан рұқсат етілген мөлшерден ауыр жүктің тасымалдануы жиілегені айтылып, оларды шешу жолдары талқыланды.

Облыстық көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Гүлмира Пірназарованың айтуынша, жол желісінің бұзылуына кері әсерін тигізетін себептердің бірі ол – ауыр салмақты көліктермен инертті жүкті тасымалдау болып отыр. 2016 жылдан бастап оның алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілген. Жол желісінің сақталу мәселесі облыс әкімі, көлік прокуратурасы, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті өткізген мәжілістердің күн тәртібінде қаралған. Нәтижесінде, инертті жүкті тасымалдау мәселесі оң шешімін тапқанымен, жүк жөнелтушілер тарапынан тауар-көлік жүкқұжатын немесе таразыға тарту актісін ұсынбауы орын алуда.

Мәселен, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында 90 құқық бұзушылық анықталған. Ауыр салмақты жүкті арнайы рұқсатсыз тасымалдағандар жауапкершілікке тартылып, оларға 6,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

Осы орайда мамандар карьерлер көп шоғырланған Жаңақорған, Шиелі аудандарында ірі өндіріс орындары орналасқан маңайға арнайы өлшеу құралдарын қою, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі пікірлерін ортаға салды. 

Айнұр БАТТАЛОВА, 

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<