«Жоқ!» деп айтуды үйрен

663

0

Фото: ашық дереккөз

Жас достар, сіздерге Жаңа Қа­зақ­станның жас патриоты өркениетті қоғамның қатерлі дертіне айналған нашақорлыққа қар­сы өз үндеуін жариялайды.
Қазақ елі сан ғасырлық жаугер­шілік заманнан жігері мен қайсар рухының арқасында осынау кемелденген күнге шыдам мен табандылық арқасында қол жеткізгені белгілі. Ата-бабамның арманы – жол­ба­рыстай қайратты, қырандай алып қанатты жастардың елді алға бастауы, қазақтың көгіне өрмелеп шыққан Алаш ардақтыларының ама­наты – елдік рух пен қазаққа тән бол­мыстың мәңгілік өшпеуі болатын.

Иә, бүгінде өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанып, еліміз қарқынды қадаммен даму үстінде. Бірақ  осы  көгінде күн қалықтаған бейбіт елімізде қоғамды  өзінің  қауіптілігімен, қорқынышымен, баянсыз  тағдырымен  есірткі деген  ессіз дүние көп жастарымыздың есін алып жатқаны қатты алаңдатады. Есірткі ұғымы ересектердің өмірінен бөлек,   мектеп оқушыларының арасына  түрлі уытты заттар бейнесінде енгені өкінішті.  Қызық үшін  байқап көруге ниеттенген әр оқушы  тәуелділікке бой алдырып, ата-анасынан  күнделікті ақша  сұрауға, ақша болмаған жағдайда   рұқсатсыз   заттарды  алып, арты   еріксіз ұрлық жасауға мәжбүр болады. Кешегі сабақта белсенді, өз ортасында беделді  бала бүгін өз жанының рахаты үшін  уытты заттарға әуестенгенін, қылмыс әлеміне қалай бас сұққанын да білмей қалады. 

Есірткі – адам өмірінің  ғана емес, денсаулығының да ең қауіпті жауы.  Оны қолданудың салдары  қоғамда  қатерлі ісік ауруымен ауыратын адамдар санының  артып, жастардың  интеллектісі төмендеуіне, жақын жандарының жандарын жаралауға, тіпті өліміне әкеліп соғады. Есірткіге тәуелділіктің әлеуметтік қауіптілігі сол, нашақорлар саны өскен сайын қылмыстық  әрекеттердің көбеюі де бірге өсіп  келеді.

Білімді әрі білікті өрендер ғана биік мақсатқа жете алатынын және көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар  ғана елді алға бастайтынын ескерсек, есірткіге елітудің болашағы бұлыңғыр, ертеңі қараңғы. Дәл осы заман елімізде  ессіз әрекетке елітіп, қоғамның қаупін арттыратын  кезең емес. Біздің қоғамда   жастар адал еңбекті бағалап, рухы биік,  санасы сергек болуы тиіс.  Елге тірек болу – әрбір жастың мұраты. Жаңа заманның жақсы қасиеттерін бойға сіңіре отырып, жаһанданудың жағымсыз әсерлерін де естен шығармай, өз күш-жігеріміз бен білімімізді,  табысты идеяларымызды  ел игілігіне арнайық.  Мемлекетіміз қауіпсіз,  жастары жалынды, ертеңі  ғажайып  болсын десек, бәріңіз «Есірткіге жол жоқ!» деп айтуды үйреніңіз.

#есірткігеқарсы, #противнаркотиков 

Әбілмансұр ХАЛИЛУЛЛАЕВ,

№145 «Бірқазан» орта мектебінің 8-сынып оқушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<