Жүйріктер аламанда сыналады

891

0

Қызылорда облысында бүгін, яғни 22 сәуір күні бәйгеден ҚР біріншілігінің іріктеу кезеңі өтеді. Оған еліміздің үш қаласы мен барлық облысынан шабандоздар келеді деп күтілуде.

– Республикалық деңгейде бәйге өткізу үлкен дайындықты қажет етеді. Еліміздің әр өңірінен келген жүйріктерді аламанға әзірлеу, олардың бабын жасау секілді көптеген талап бар. Осындай жауапкершілігі жоғары жарысты біздің өңірде өткізуге қолдау білдірген федерация басшылығына алғыс айтамыз. Бұл шараға облыс әкімдігі қолдау көрсетіп отыр. Бүгінде ипподром сайыс өткізуге толықтай дайын. Өткен бәйгелерге қарағанда тіркелген ат көп. Сайысқа қатысушы спортшылар аламан, топ және құнан бәйгелерінде сынға түседі. Жүлде қоры – 35,6 млн теңге. Аламан бәйгенің жеңімпазына «Astana Motors» компаниясының демеушілігімен автокөлік беріледі. Бәйге өте жоғары деңгейде өтіп, халықтың көңілін көтереді деп сенеміз, – деді  облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Жаманқұл.

«Kazpetrol Group» компаниясының PR менеджері Мейрамкүл Ходжаева маңызды шараға дайындық өз деңгейінде жүргізілгенін атап өтті. Жарыс кезінде ұлттық дәстүрді ұлықтаған өзге де жобалар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, қыз-келіншектерге арналған «Ұлттық киім – ұлт ажары» атты костюмдер байқауында алдын ала есеп бойынша 50-ден астам нәзікжанды өз бағын сынайды. Жүлде қоры – 1 млн теңге. Сондай-ақ, жүлде қоры 500 мың теңгені құрайтын қол күрес, арқан тарту, гір көтеруден сайыстар өткізіледі.

– Сыр өңірінде жүйрік жаратып, бәйге атының бабын жасап жүрген тәжірибелі атбегілер бар. Осындай жанашыр жандардың арқасында қай кезде де өңірде ат спорты кенжелеп қалған жоқ. Бұдан бұрынғы жылдары да талай мәрте бәйге өтті. Қызылордалық шабандоздар мінген жүйріктер мәрені бірінші болып қиып, жерлестерін көл-көсір қуанышқа кенелтті.

Өзге аймақтардағы бәйгелерде де оза шапқан жүйріктеріміз бар.

Қызылордалық жанкүйерлер тағы бір мәрте айтулы аламанды тамашалауға мүмкіндік алып отыр. Биыл республика бойынша жеті іріктеу кезеңі болады. Ал қорытынды кезеңі Жамбыл облысында өтеді. Бірінші кезеңі Сыр елінен бастау алады. Бәйгеге біздің облыстан қырық ат іріктеліп алынды. Дайындығы өте жақсы. Жалпы еліміздің барлық өңірінен 210 шабандоз өз бағын сынайды, – деді облыстық бәйге федерациясының президенті Әділжан Ізтілеуов.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<