«Жүргенов жылы» қорытындыланды

3656

0

Биыл Темірбек Жүргеновтің туғанына 125 жыл толуына орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен республиканың барлық аймағында ұлт қайраткерінің мерейтойы аталып өтті. Халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы 2023 жылды «Темірбек Жүргенов жылы» деп жариялағаны белгілі. Осы орайда, есімі мен еңбегі қазақ халқына ғана емес, Орта Азия халықтарына ортақ бірегей тұлғаны ұлт болып ұлықтау іс-шараларын халықаралық, республикалық деңгейде ұйымдастыру қолға алынды. Атаулы жылға орай аймақта да Темірбек Жүргеновтің өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырылды.

«Темірбек Жүргенов жылы» Қазақ ұлттық өнер академиясының «Темірқазық» атты мерейтойлық концертімен туған жерінде Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында  қорытындыланды. Өңірге шығармашылық сапармен келген Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымына  облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов аймақ басшысының құттықтауын жеткізіп, ықылас гүлін табыстады.

–       Мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойын «ТҮРКСОЙ»  деңгейінде  атап өту аясында елімізде және шетелде ауқымды шаралар үйлестірілді. Ұлт қайраткерінің мерейтойы туған жері Сыр елінде де кеңінен тойлануда. Мәдени шаралардың легін жалғап, өңірімізде өнер мерекесін ұйымдастырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін, – делінген құттықтауда. 

Салтанатты шарада Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, ректордың міндетін атқарушы Шыңғыс Ергөбек Сыр жұртшылығына ризашылығын жеткізді.

–       Академиямыз Жүргеновтің атында болғандықтан біз Сыр елінің өнері мен мәдениетіне немқұрайлы қарауға хақымыз жоқ. Жыл бойы өткен шараның қорытынды концертін туған топырағында өткізуіміздің сыры да осында жатыр. Қазақ ұлтының біртуар ұлының үлкен жетістігі – оның мерейтойының халықаралық деңгейде атап өтілуінде. Бұл тұрғыдан алғанда өнер академиясы биылдың өзінде 40-тан астам әртүрлі шараны жүзеге асырды. Оның ішінде  ғылыми конференциялар, фестивальдар, театрландырылған қойылымдар, Жүргенов жылының ашылуы және қорытынды концерті. Қорытынды концертті  өткізумен жүргеновтануға нүкте қоймаймыз. Себебі, оның еңбегі  ұлт тарихында өшпес із қалдырды, – деді.

Концерттік бағдарлама Алаш арыстарының бейнесі сомдалған бейнероликпен басталды. Одан кейін Венера Алпысбаева мен хор ұжымының орындауындағы «Гәкку» ариясына жалғасты. Шарада академияның «Хореография» факультетінің бишілері «Шашу» биін билеп, көрермен ықыласына бөленді. Ұлт жанашырын поэзияға арқау еткен академияның 3-курс студенттері де өз өнерлерін ортаға салды.

Рухани шарада Алмас Алматов, Талғат Абдулғазы, Айгүл Қосанова ән-жырдан шашу шашты. Мерекелік кеште академияның гимні орындалып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәкен Майғазиев «Елім-ай» әнімен қорытындылады.  Әсем ән әуелеген мазмұнды шараның жоғары деңгейде өткенін көрермен залында ине шаншар орын табылмағанынан  байқадық. Осылайша Сыр өңірінде ұлт зиялысы, қазақ өнері мен мәдениетінің, білімінің шоқжұлдызы Т.Жүргеновтің мерейтойы қорытындыланды.

***

Мерекелік концерттен бұрын облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова,  Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы Сәби Аңсат, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, ректордың міндетін атқарушы Шыңғыс Ергөбек журналистерге арнап брифинг берді. Онда жыл бойы атқарылған іс-шаралар мен алдағы мақсат-міндеттер айтылды. БАҚ өкілдері қойған сауалдарға жауап беріліп, еркін пікір алмасу болды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<