Жұлдызды сәттің жарқылы

742

0

Фото: ашық дереккөз

Қазақ футболындағы айтулы жеңіс

Еуропаның беделді басылымдары футболдан Қазақстан құрамасының Данияны жеңгенін сенсация ретінде бағалап отыр. Даниялықтар қай кезде де әлемдік футболда алдыңғы қатарда келеді. Олардың екінің бірінің ығына жығылуы мүмкін емес. Десе де, бұл жолы олар елордада сүрінді. Қазақстандық футболшылар екі доп айырмасымен жеңіліп жатқан еді. Кейінгі он бес минутта мінез танытып, жеңісті қолдан жұлып алды.

Расын айтқанда, жанкүйерлер аталған ойында тең нәтиже тіркелсе де оны жоғары бағалар еді. Өйткені, қарсылас құрамында тәжірибелі ойыншылар жетерлік. Олар әлемнің алдыңғы қатарлы клубтарында доп тебеді. Әрбірі – ойын тағдырын шешіп кете алатын дарабоз.

Қос құрама 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында H тобында сынға түсіп жатыр. Алғашқы турда Дания өз алаңында Финляндияны 3:1 есебімен сенімді түрде тізе бүктірді. Ал қазақстандық футболшылар елордада Словенияға 1:2 есебімен есе жіберіп қойды.

Екінші турдағы өзара кездесуге екеуі түрлі көңіл-күйде жетті. Алғашқы жеңісіне тоқмейілсіген даниялық құрама бұл жолы оп-оңай үш ұпай олжалап кетеміз деп ойласа керек-ті.

Бірінші кезеңде олар жеңіске бір табан жақын тұрған еді. Даниялық футболшы Расмус Хёйлунн 21, 36-минутта қос гол соғып, кездесу тағдырын шешіп қойғандай көрінді. Алаң иелері білгенінен жаңылып жатты. Болмашы қателіктерге бой алдырды.

Қазақстандық бас бапкер  Магомед Адиев үзілісте шәкірттерін қайрап шыққандай. Екінші кезеңде қазақстандық құрама түрленіп сала берді. Алғашқы минуттан белсенділігін арттырды. Қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде 73-минутта даниялық футболшылар өзінің айып алаңында ереже бұзып, қақпаға белгіленген пенальтиден Бактиёр Зайнутдинов мүлт кеткен жоқ. Ал 86-минутта Асхат Тағыбергеннің алыстан шірене тепкен добы қақпа торында тулап жатты. Қазірге дейін 43 ойын өткізген ол ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соқты. Сондай-ақ, 89-минутта әуелеп келген допты Абат Айымбетов баспен қақпаға енгізіп, қорытынды есепті белгіледі.

Қазақстандық бас бапкер  Магомед Адиев үзілісте шәкірттерін қайрап шыққандай. Екінші кезеңде қазақстандық құрама түрленіп сала берді. Алғашқы минуттан белсенділігін арттырды. Қарсыластар қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде 73-минутта даниялық футболшылар өзінің айып алаңында ереже бұзып, қақпаға белгіленген пенальтиден Бактиёр Зайнутдинов мүлт кеткен жоқ. Ал 86-минутта Асхат Тағыбергеннің алыстан шірене тепкен добы қақпа торында тулап жатты. Қазірге дейін 43 ойын өткізген ол ұлттық құрама сапындағы алғашқы голын соқты. Сондай-ақ, 89-минутта әуелеп келген допты Абат Айымбетов баспен қақпаға енгізіп, қорытынды есепті белгіледі.

Айта кетсек, Асхат Тағыберген – Қызылорда футболының түлегі. Жасыл алаң төрінде жарқылдап көзге түсіп жүрген ол еліміздің беделді клубтарында доп теуіп, мол тәжірибе жинақтады. Өзінің шеберлік деңгейі жоғары екенін әрбір ойында дәлелдеп келеді. Нәтижесінде Асхат биылғы құрлықтық додада ұлттық құраманың капитаны ретінде команданы алға бастап шығуға мүмкіндік алды.

Осылайша, Қазақстан қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті. Екі команда бұған дейін төрт мәрте кездескен-ді. Оның барлығында даниялық футболшылар жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы қазақстандық құрама сол кеткен есені қайтарды.

– Жеңіске жеткенімізге өте қуаныштымын. Алғашқы турда сәтсіздік жолымызды бөгеді. Қолда тұрған жеңіс сусып кетті. Сондықтан жанкүйерлер алдында оң нәтижеге қол жеткізуге күш салдық. Қарсылас оңай емес еді. Шегінерге жер жоқ. Бұл жайында кездесу алдында ойыншылармен әңгімелестік. Екінші ойынның бірінші кезеңі де біз ойлағандай өрбіген жоқ. Екі гол қателіктер салдарынан соғылды. Екінші кезеңде шәкірттерім бір-бірін жақсы түсінді. Оңтайлы сәттерде көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ, – деді Магомед Адиев ағынан жарылып.

Даниялық бас бапкері Каспер Юльманн ойынның соңғы минуттарында өз құрамасының нашар ойын көрсеткенін атап өтті. «Қазақстан құрамасын жеңісімен құттықтаймын! Нәтижеге көңіліміз толмайды. Ойынның басым бөлігінде жақсы қимыл көрсеттік. Ойынның бітуіне 15 минут қалған сәттен бастап білгенімізден жаңылдық. Бұл тактикаға қатысты емес. Көңіл-күйге байланысты. Мұндай нәтиже енді қайталанбайды деген сенімдемін» деді ол.

Алда әлі сегіз ойын бар. Ел құрамасы құрлықтық доданың финалдық сатысына шыға ала ма? Алғашқыда Данияны ерекше қауіпті деп бағалаған болатынбыз. Азулы қарсыласты жеңгеннен кейін алынбайтын асу жоқ екендігіне көзіміз жетті. Қалғанында дұрыс тактика қолдана білсек, жолдаманы қалтаға басуымыз бек мүмкін.

Айта кетсек, Қазақстан УЕФА құрамында бұдан бұрын да бірқатар азулы қарсыласын жеңген еді. 2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде өз алаңында Сербиядан 2:1 есебімен басым түссе, Бельгиямен 2:2 есебімен тең ойнады. Ал 2020 жылғы аталған құрлықтық доданың іріктеу кезеңінде елордада Шотландиядан 3:0 есебімен басым түсті.

Өткен жылдан бастап құрама өзінің ойын өрнегін тапты. Былтыр Ұлттар лигасында Словакияны екі мәрте тізе бүктірді. Оған қоса топтық кезеңде Беларусь, Әзербайжан құрамаларын артқа салып, бірінші орынға ие болды. Алдағы жылы аталған турнирде В дивизионында бақ сынауға мүмкіндік алды. Осының өзі – әзірге көңіл демдейтын көрсеткіш. Құрамадан бұдан да жоғары нәтиже күтеміз.

Енді аталған топта үшінші тур ойындары 16 маусымда өткізіледі. Бұл күні Финляндия – Словения, Дания-Солтүстік Ирландия, Сан-Марино-Қазақстан құрамалары кездеседі.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<