«Жұлдызым жоғары»

1318

0

Оқырманға жаңа кітап жол тартты. Қазақ әдебиеті мен журналистикасында айшықты орны бар қаламгер, Ақпарат саласының үздігі, ақын Дүйсенбек Аяшұлының жаңа кітабы жарық көрді.

Ғажап ғазал жырларымен оқырманын поэзияның інжу-маржанына малындыра білетін ақжүрек ақынның сиясы кеппеген туындысы «Жұлдызым жоғары» деп аталады. Дүйсенбек Аяшұлының бұл жыр жинағы оқырманын жаратылыс сырларын сезінуге, рухани құндылықтарды құрметтеуге үндейді. Сондай-ақ, жыр тақырыбына ауыл бейнесі, қазақы болмыс, қарапайым тіршілік түйткілі арқау болған. Ақын өлеңдері поэтикалық пәлсапа деңгейінен өз өрнегін танытады.

Жинақ «Болмысымның баяны», «Жүректің жібек тіні», «Көңілден кетпес бейнелер», «Пайым пернесіндегі күй» тақырыбындағы 4 бөлімнен тұрады. Кітап 500 данамен таралды. Жыр жинағының баспа жүзінен жарық көруіне филология ғылымдарының кандидаты, Қызылорда қаламгерлер қауымдастығының төрағасы Аманжол Оңғарбаев демеуші болған.

Рас, ақын өлеңдерінің ішкі мәні мен мазмұнына ой жүгіртіп, зейін қойсақ, көп сырларына қанығамыз. Айталық, өлеңдерінің сөз бояуының әралуандығы мейіріңді қандырып, жан-жүрегіңді баурап алады. Көңіл түкпірінде жасырынған көп жұмбақ сырдың көмбесін ашып, дүние дариясының тереңіне бойлатып, шексіз шаттыққа кенелтеді. Ойлантатын, толғандыратын кестелі, кемел жырлары жан жадыратып, сұлулығымен сусындатады.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<