«Жұмыртұяққа» жылқы жетпей тұр

1075

0

Сыр өңіріне белгілі қайраткер, еңбек және тыл ардагері Мыхан Ерниязұлының 130 жылдық мерейтойы қарсаңында Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылында ат бәйгесі өтті. Бәйге десе делебесі қозатын, ұлттық спортқа жанашыр жұртшылық алыс-жақыннан жиналды.  Атсейістер республика, облыс көлемінде бәйгелерге қатысып жүрген өз жүйріктерін жарысқа үкілеп қосты. Бір сәтте атшабар алаң шабандоздардың қиқуы мен тұлпарлардың дүбіріне толды.

Айтпақшы, жүзден аса шабандоздың бәрі қызылордалық емес. Бап пен бақ сынға түскен дүбірлі додаға үміткерлер Қазақстанның барлық өңірінен келді. Мұнда құнан, тоқ, аламан бәйге ұйымдастырылды. Құнан бәйгеге шашасына шаң жуытпас 34 сәйгүлік қатысып, 12 шақырым бағындырды.

Бұл жарыста Алматы облысынан келген Абзал Тұрғанбектің «Лазер» атты құнаны бірінші болып келіп, HYUNDAI I30 автокөлігін жеңіп алды. Ал Астана қаласынан келген Нариман Оразбаевтың «Жезқара» атты күрең-қасқасы мәре сызығын екінші болып кесіп, 2 000 000 теңгеге ие болса, үшінші орынға тағы бір алматылық Жанқойлықовтар әулетінің «Желкүрең» атты тұлпары тұрақтап, оған 1 000 000 теңге  ақшалай сыйақы табысталды. Астанадан келген Хамза Амангелдінің «Сиетл» тұлпары мәреге төртінші болып келіп, 500 000 теңге сыйақымен марапатталса, алматылық «Көгершін» атты торы құнанды тақымдаған Болат Әбдукәрім бесінші орынды еншілеп, 300 000 теңге қаржылай сыйақыны жеңіп алды.

Бұдан әрі жарыс тоқ бәйгеге жалғасты. Жарыс жолы 20 шақырым. Алматылықтар тағы да дара шықты. Болат Әбдукәрімнің «Боец» жүйрігі мәре сызығына алғаш болып жетіп, HYUNDAI SONATA автокөлігін қанжығасына байлады. Ал Астана қаласынан келген Нариман Оразбаевтың «Карсон» атты тұлпары екінші өтіп, 2 000 000 теңге сыйақымен марапатталды. Онан соң Балқаш ауданының «Қаршыға» атты тұлпарын тақымдаған Бекарыс Бибосын мәреге үшінші болып жетіп, 1 000 000 теңге сыйақыны еншілесе, Абай облысынан келген Мейрамбек Әлімжанның «Найзақарасына» 500 000 теңге сыйақысы бар төртінші орын бұйырды. Ал ақтөбелік «Норд» есімді текті жануарды тізгіндеген Мансұр Ыдырысов бесінші орынға 300 000 теңге алды.

– Ат спортының қыр-сырын меңгеру, дүлдүл шабандоз болу кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Осыдан бір ай бұрын Сыр елінде үлкен бәйге болады дегенді ести салысымен, атымызды дайындап, қатысуға бел будық. Бұл «Боецтың» екінші бәйгесі. Алғашқы бәйгесі Талдықорған қаласында өтіп, одан да жүлделі бірінші орынды жеңіп алған болатынбыз. Тұяқ тұяқты жібермейді. Қаншама чемпионаттарды басып озып жеңіске жеттік. Бұл кәсіппен айналысқаныма 32 жыл уақыт болды. Бүгінгі бәйгеде ұтқан көлігім 59-шы көлік. Осы уақытқа дейін талай үлкен жүлделі бәйгелерде жеңіске жетіп келемін. Менің басты мақсатым – осы ат спортын одан әрі дамытып, болашақта ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып,  немере, шөберелеріме мұра қылып табыстау, – дейді ат иесі Ғалымжан Нұрбаев.

Ел үздіге күткен 30 шақырымдық аламан бәйгеге 25 ат қосылып, кіл мықтылар айналма жолдың апшысын қуырды.

Оның бірінші жүлдесі Жетісудан келген атақты «Жұмыртұяққа» бұйырды. Иесі TOYOTA HIGHLANDER автокөлігін жеңіп алды. Ал алматылық Аңсар Арыстанбек тақымдаған «Мамайқара» екінші орынды иеленіп, HYUNDAI SОNATA автокөлігін иеленді. Тағы бір алматылық Жанқойлықовтар әулетінің «Тұмар» атты тұлпары Қазақстан чемпионатында тоқ бәйгеден бас жүлде иеленсе, араға бір апта салып аламан бәйгеден үшінші орынды еншілеп, 2 000 000 теңге ақшалай сыйақының жеңімпазы атанды. Төртінші орынға Астана қаласынан келген Әлихан Қайыржан тақымдаған «Бақторы» аты тұрақтап, 1 000 000 теңгені еншілесе, Ақтөбе облысынан келген Әлихан Сайлауғали «Самұрық» атты сәйгүлігімен бесінші келіп 500 000 теңге жеңіп алды.

Екі күнге созылған бәйгенің келесі күні Сыр сәйгүліктері ғана қатысқан аламан бәйгемен жалғасты. 22 аттың ішінен  бірінші орынды Аққыр ауылының Жанасыл Бекболат есімді шабандозы тізгіндеген «Ақкөз» атты тұлпар иеленіп, HYUNDAI І20 маркалы автокөлігін ұтып алса, екінші және үшінші орынға Арал ауданы Қызылжар ауылының атсейістері баптаған жүйріктер тұрақтап, қаржылай сыйақымен марапатталды. Ал төртінші орынға «Ақбөкен» есімді арғымақты тізгіндеген Әсет Кенжетайұлы 500 000 теңге ақшалай сыйақымен марапатталды. Онан соң қазалылық Дінмұхаммед Тәңірбергенов «Спартак» есімді сәйгүлігімен бесінші келіп, 300 000 теңге алды.

Бұл дүбірлі бәсекеден тағы бір байқағанымыз халық әркез ат бәйгесіне ынтызар. Ипподромға жиылған жұрттың қарасы мен оның дүбірге қосқан қиқуы ұлттың сара өнерін рухтандырып жіберді. Ал оның екі күндік дүбірі әсіресе Жалағаш жұртының айбынын асырды.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<