Журналистика – қызықты мамандық

1238

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика мамандығында оқитын 4-курс студенттері дипломалды практика жұмысын сәтті қорғады. Байырғы оқу ордасын биыл бітіретін түлектер осы жылдың 18 қаңтар мен 8 наурыз аралығында шығармашылық қабілеттерін шыңдау үшін облыстық «Qyzylorda» телеарнасында, «Сыр бойы», «Ақмешіт жастары» газеттерінде, тәуелсіз «Халық», «Ақмешіт ақшамы» басылымдарымен қатар аудандық газеттерде, сондай-ақ Өңірлік коммуникациялар орталығында өндірістік іс-тәжірибеден өткен болатын.

 Айта кетейік, Ж-17-1 оқу тобының дипломалды практикалық жұмысына университеттің аға оқытушысы, PhD Ақерке Жолмаханова мен әлеуметтік ғылымдар магистрі Гауһарай Есімова жетекшілік етті.

Теориялық тұрғыдан алған білімдерін практикамен ұштастырған болашақ мамандар журналистика жанрларын қамтып, түрлі материалдар жариялады. Атап айтсақ, «Qyzylorda» телеарнасынан тәжірибеден өткен Ақжігіт Нұрайдың «Құтқарушылар қолғанаты» атты тақырыптық сюжеті құтқарушы иттер қызметіне арналса, «Қауіпсіздікке қырағы болайық!» тақырыбындағы сюжеті газ қондырғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан орын алып жатқан өрт оқиғаларынан хабардар етеді. Жергілікті саяси мәселелерге шолу жасап, оны таразылаған Бекзат Амановтың мақалалары да өткір жазылған. Ал Өңірлік коммуникациялар қызметінде шеберлігін шыңдаған Шернияз Жалғасбектің жөні бөлек. Ол әріптестерімен бірге брифингтер ұйымдастыруға атсалысып, баспасөз парақтарын әзірлеумен қатар, газеттерге ақпарат жариялап отырды. Бұған қоса, аталған орталықтың «11 News» фейсбук парақшасына тың мәліметтерге толы ауа-райын болжауға қатысты сюжетін салған. Сондай-ақ «Сыр бойы» газетінде өндірістік тәжірибеден өткен Гүлжанат Қадырбекованың қаламынан туған жырлары газеттің сайтында жарияланып, оқырмандардың оң бағасын алған.

Студенттердің дипломалды практика жұмысын қорғау барысында өндірістегі мамандар – «Qyzylorda» телеарнасының редактор-жүргізушісі Шолпан Исабекова мен арнаулы тілші Асқар Тәжиев пікірлерін білдіріп, ұсыныс-тілектерін айтты. Өз кезегінде «Сыр бойы» газетінің жауапты хатшысы Дәуіржан Елубаев осыдан 3 жыл бұрын осы Ж-17-1 оқу тобының студенті Төлеп Рәпіштің фантастика жанрында әңгіме жариялағанын, одан соң редакцияға қоңырау шалып, жалғасын күткендер болғанын атап өтті.

Дипломалды практика жұмысына арналған басқосуды қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к. Ғабит Тұяқбаев пен кафедраның аға оқытушысы, ф.ғ.к., журналистика мамандығы бойынша болашақ журналистерге жетекшілік жасаған Зухра Ермағанбетова қорытты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<