Жылжымалы медициналық кешен – маңызды қызмет

630

0

Мемлекет басшысы былтырғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ел. Берекелі қоғам» атты Жолдауында ұлт саулығына басымдық беріп, медициналық инфрақұрылымды жақсарту, әсіресе, ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау қызметін дамыту жөнінде айтып, бұл бағытта ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды. «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Мен келесі жылдан бастап ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырдым. Бұл құжат, ең алдымен, ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған» делінген Жолдауда.

Бұл орайда тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде емдеу, алдын алу ұйымдарының заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылуы маңызды. Бүгінде медицина сәт сайын дамып жатыр. Ауруды емдеудің түрлі заманауи әдіс-тәсілдері енгізіліп, дәл диагноз қоюға мол мүмкіндік беретін қуатты құрылғылар шығарылуда. Тек тілін тап та, қалағаныңша қолдана бер! Қазіргі кең қолданыстағы МРТ, КТ аппараттары, жылжымалы медициналық кешендер – сол техника жетістігі. Әсіресе, шалғай елді мекендердегі тұрғындардың денсаулығын қорғауда, ауруды ерте анықтауда жылжымалы медициналық кешеннің (ЖМК) маңызы зор. Мәселен, Жалағаш ауданында ЖМК мамандары биыл 100-ге жуық науқасты жаңадан анықтап, диспансерлік есепке алды. Жылжымалы медициналық кешендер қалай жұмыс істейді?  Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Таң» ауылында өткен баспасөз турында бұл сұраққа жан-жақты жауап алдық.

«Таң» ауылы аудан орталығынан 25 шақырым жерде орналасқан. Бұл елді мекенде 1 287 адам тұрады. Таңертеңнен бастап пациенттерді қабылдау дәрігерлік амбулаторияда және жылжымалы медициналық кешенде жүргізілді. Бұл күні 100-ге жуық ауыл тұрғыны дәрігерлік кеңес алды. Олардың қатарында Жеңіскүл Шүйішбаева да бар. 60 жастағы әйел «созылмалы бронхит» ауруы бойынша диспансерлік есепте тұр.

–    Жүрек мазалайды. Кардиологтан кеңес алдым, зертханалық және диагностикалық тексерулерге жіберді, содан кейін күндізгі стационарда ем аламын. Бүгінгі шараға қуанып қалдық. Жиі ұйымдастырылып тұрса жақсы болар еді, барлық маман ауылымызға келіп жатыр, әйтпесе аудан орталығына бару үшін қаншама уақытымыз кетер еді, – дейді Жеңіскүл Шүйішбаева.

Пациенттерді терапевт, офтальмолог, оториноларинголог, гинеколог, хирург, кардиолог, невропатолог, стоматолог, эндокринолог, психолог, фтизиатр, рентген зертханашысы және басқа мамандар қабылдайды. Қажет болған жағдайда науқас кардиограмма, УДЗ, скринингтік тексерулерден өтіп,  дәрігерлерден кеңес алады және ауруханаға жатқызуға, жеке медициналық мекемелерде емделуге жолдамалар беріледі.

–    Жыл басынан бері жылжымалы медициналық кешен арқылы ауданның 2 мыңға жуық тұрғыны мамандардан кеңес алды, оның ішінде 100-ге жуығынан алғаш рет түрлі аурулар анықталды. Жүрек-қан тамыр, эндокриндік аурулар, глаукома және басқалар. Балалардың арасында көбінесе темір тапшылығы анемиясы анықталады, – дейді Жалағаш аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Индира Орынбасарова.

Жалағаш ауданында 16 ауылдық округ бар. Мұнда аудандық аурухана, 12 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік бекет, 2 медициналық бекет ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Барлық ауыл тұрғындарын қамту үшін жылжымалы медициналық кешен жыл сайын ауданның әрбір ауылдық округіне 5-6 рет барады. Оған Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалы 63,5 млн теңге қаражат бөлді.

Жалпы, биыл өңірде ЖМК арқылы 550,8 млн теңгеге 285 308 қызмет көрсету жоспарда тұр.

Айнұр БАТТАЛОВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<