Жыр алыбы дәріптеле береді

471

0

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын атап өту жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова,  Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және барлық облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдері қатысты.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы елдігімізді айшықтап, бірлігімізді көрсететін айтулы оқиға екенін, алдағы жоспарланған іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу қажеттігін айтты.

– Ақынның мерейтойы жас ұрпақты тәрбиелейтін, ұлтымызды ұйыстыратын, жұртшылыққа ой салатын тағылымы мол, тәлімі зор, тәрбиелік мәні бай шара болуы тиіс, – деді Қырымбек Көшербаев.

Комиссия отырысында Мәдениет және спорт министрі, Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Білім және ғылым министрі сонымен қатар, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ақын мерейтойын атап өтуге қатысты жоспардың орындалу барысы жөнінде баяндады.

Жиын соңында Мемлекеттік хатшы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспарды орындауды  жалғастыруды және белгіленген іс-шаралардың сапалы өткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Айта кетейік, Қызылорда облысында ақын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп, 130 іс-шара, оның 100-і онлайн, 30-ы офлайн форматта ұйымдастырылды.

Мәдениет ұйымдарында ғасыр жасаған тұлғаның шығармашылығын насихаттау осы жылдың ақпан айында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында  «Жыры әлемді шарлаған – Жамбыл» атты кең көлемді кітап көрмесімен ашылып, жыл көлемінде «Ұлы даланың жыршысы» тақырыбында кітап көрмелері, «Әлемге аян жырлары», «Жырлансын, Жамбыл жырлары», «Тыңда, дала, Жамбылды», «Жыр алыбы – Жамбыл» атты дәстүрлі орындаушылардың концерттері мен жыршы-термешілердің фестивалі, «Жүз жасаған бәйтерек» атты облыстық эссе жазу байқауы мен ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан сайыстар, «Жамбыл – ғасыр ақыны», «Ұлы дала Жамбылы» атты әдеби кештер мен дөңгелек үстелдер өткізілді.

Сыр елі жыршы-жырауларының қатысуымен өткен «Жырлансын, Жамбыл жырлары» атты кеште Жамбыл жырлары cыр мақамдары арқылы дәріптелді.

Сондай-ақ,  «Жүз жыл жырлаған жүрек» атты Алматы облысындағы Ж.Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің Қызылорда қаласында жылжымалы көрмесі ұйымдастырылып, облыс жұртшылығы ақынның ұстап-тұтынған жеке заттары мен шапанын, домбырасын, кітаптарын көруге мүмкіндік алды. Шараға ақынның немересі мен шөбересі қатысты.

Білім беру ұйымдарында «Жамбыл Жабаев – Ұлы Даланың алып жыршысы» атты оқушылар айтысы, «Жамбыл болып менде сөйлейін, Жамбыл болып өлең өрейін» атты жыр мүшәйрасы, «Жыр алыбы – Жамбыл»  тақырыбында көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, «Жамбыл мұраларын жаңаша бағалау – ұлттық рухани жаңғырудың өзекті мәселесі» тақырыбында онлайн форматта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай 2021 жылдың қазан айында Тараз қаласында өткен «Көне Тараз күмбірі» атты республикалық фольклорлық ансамбльдер конкурсында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Дидар» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблі жүлделі үшінші орынды иеленіп, аймақ мерейін асқақтатты.

Бүгінде облыс бойынша Ж.Жабаевтың есімі берілген 2 мектеп, 30 көше бар. 2021 жылдың 27 ақпаны ақынның туған күні қарсаңында аталған білім ұйымдарында іс-шаралар өткізіліп, мектеп оқушылары жалынды жырларын дәріптеді.

Ақынның өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<