Жыр арнаға жылға болып қосылған

1253

0

Қармақшыда Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен даңғайыр жырау Көшеней Рүстембековтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Қазақтың күміс көмей Көшенейі» атты облыстық жыршылар байқауы өтті.

Іс-шарада Қармақшы аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Дәурен Ержанов сөз сөйлеп, жас  жыршы-термешілерге сәттілік тіледі.

– Көшеней жырау – көңіл арнасын жыр атты өзенге бұрған, текті жердің топырағында талайлармен тел өскен, бел мен белестен қатарласа өтіп, дүние үнін тыңдаған ұзан жыраулардың жалғасы еді. Ұлы тұлғаны ұлықтауға арналған бүгінгі байқауда барлығыңызға сәттілік тілеймін, – деді ол.

Дүбірлі додаға Серік Жақсығұлов, Айгерім Ешбаева, Қасарбек Кәрібаев қазылық етті.

Байқауда Көшенейге арналған арнау жырлар мен Сыр сүлейлерінің шығармалары Сырдың сырлы мақам саздарына  салып,  нақышына келтіре  орындалды.

Жарыс нәтижесінде  Думан Ахметов бас  жүлдені қанжығасына байлады. Қармақшылық Руслан  Өтегенов І орын алса, аралдық Әлфараби Жалғасов пен қармақшылық Малика Алдамжарова ІІ орынды иеленді. Ал үздік үштікті қармақшылық Алмат Азаматов пен  Динар Рахман  түйіндеді.

Бағы пен  бабы  қатар  шапқан дарынды жас жыршылар қазылар алқасының шешімі бойынша арнайы алғыс хат және сыйлықтармен марапатталды.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<