Жыраулардың жампозы

910

0

«Жыраулардың жампозы» атанған Базар жырау Оңдасұлы (1841-1911) есімінің күні бүгінге дейін исі қазақтың жадында жатталып келуі тегін емес. Шы­ғар­машылық ғұмыры ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығына тура келетін Базар жыраудың жыр-толғауларының сол кездің өзінде-ақ Сыр бойына ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне тарап үлгергені туралы, сондай-ақ, осы аймақтардағы сөз ұстанған өнерпаздардың Базар жырау жырларымен ауызданып, өнерлік жолын бастағаны жөнінде нақты деректер бар.

———————————————————————

КЕЗЕКТІ НƏУБЕТ ЖЕТКЕНШЕ

Он сегіз мың ғаламның

Жаратушы панасы

барлығымды білсін деп,

көрсеткен күшін қарашы.

Байқасаң барлап, белгісіз

аспан мен жердің арасы.

Өткен күнді болжатқан

атамыз Адам сəпидің

қалдырған соңғы санасы.

Таңда мақшар күнінде

құрылса мизан-таразы,

ажырап сонда адамнан

айрылмақ, дейді, сарасы.

Сол кезде мəлім болад дейд,

бұ жүрген барлық пенденің

ағы айрылып, қарасы.

Сондай нұсқа кітаптан

алымдар айтады өсиет

келтірсе күмəн бұл сөзге,

нанбаған болмақ шамасы.

Кей надандар білгірсіп,

бет алдына оттайды

қойға толса қорасы.

Мал жинаған Қарынбай

қор болған азабы арылмай,

есітсең оның қиссасын,

болмапты қабыл тобасы.

Зейініңді қойып тыңдасаң,

құмарың тарқар, қарындас,

белгілі будан мен едім,

хас тұлпардың баласы.

Аз ғана оттап, көп жусар

жүйріктің шықпас шарасы.

Аз ғана сөйлеп, көп тыңдар

адамның дегдар данасы.

Түменге түгел су берген

дарияның аққан саласы.

Сындарлы сөздің бəйгесін

өз қолымнан тараттым,

ешкімнің жоқ таласы.

Дұшпанға сырды алдырар,

аяққа қырсық шалдырар,

ағайынның қай жерде

ауызының аласы.

Қасымнан кетсе қарындас,

өзгемен орны толынбас,

бұзылғандай мысалы

отыз тістің қаласы.

Іс түскен кезде басыңа,

күндеушің келмес қасыңа,

дос күйініп сыртыңнан,

дұшпанның қанар табасы.

Есінен ердің кетпейді,

оңайлықпенен бітпейді,

жаттың салған жарасы.

Жаманмен жұрттың ісі жоқ,

елейтін оны кісі жоқ,

жақсыларға қашаннан

жабылар сөздің жаласы.

Өлшеулі өмір өткенше,

кезекті нəубет жеткенше,

тіршілікте тоқталып,

таусылмайды істің шаласы.

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

Жыршы, ҚР мәдениет қайраткері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<