«Жырларым – жүрегімнің жылнамасы»

3271

0

Көрнекті ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Түрксой Жазушылар одағының төрағасы, Ұлықбек Есдәулет 70 жаста.

Ақын мерейтойына орай  Қорқыт ата атындағы  Қызылорда университетінің бірінші ғимаратында 1-2- курс студенттерінің қатысуымен  «Жырларым – жүрегімнің жылнамасы» атты поэзия кеші өтті. Әдеби-музыкалық кешті қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №20 кітапхана және университеттің «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасы ұйымдастырды.

Кешке  ақын, тележурналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі Қаршыға Есімсейітова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Ғазиза Әбілда, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушылары, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент,  «Гуманитарлық-педагогикалық институтының» директоры Сағат Тайман, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының меңгерушісі Әсия Алмауытова қатысты.

Поэзия кешінде студенттер ақын өлеңдерін балалық шағынан бастап төрт кезеңге бөліп, әр тақырыпқа сай сахналық көрініспен бейнелей, жатқа оқыды. Айталық, «Қамкөңіл балалық шақ», «Мен тағы ғашық болдым», «Өзім туған табиғаттың қойнында», «Еркіндіктің есігінен еркін кір» тақырыптары өз мәнінде ашылып, оқырман ойынан шықты. Сондай-ақ студенттер ақын сөзіне жазылған «Көздеріңе ғашықпын», «Перизат», «Заман-ай» сияқты әндерді орындап, тыңдаушыларды тәнті етті.

Сыр елінің талантты жас ақындары, осы оқу орнының түлегі Аружан Оралбай, Бексұлтан Санақұл өз өлеңдерін оқыды. Поэзия кешінде ақын Ұлықбек Есдәулеттің өмір жолы, өлеңдері кеңінен насихатталып, видеослайд арқылы көрсетілді, кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Өмір жолына зер салсақ, Ұлықбек Оразбайұлы Есдәулет Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданы Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетін және Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстардың поэзия бөлімін бітірген. ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде, журналистика саласында қызмет атқарған. Қазақстан Жазушылар одағын басқарған.

Ақын 1970 жылдары жарыққа шыққан «Қанат қақты», «Жұлдыз жарығы» кітаптарынан бастап «Алтын тамыр», «Киiз кiтап», «Ел мен жер жырлары» сияқты көптомдық шығармалар жинағының авторы. Шығармалары орыс, қырғыз, түрік, украин, болғар, ағылшын, үнді және қытай тілдеріндегі жинақтарда жарық көрген. Сондай-ақ Ұлықбек Есдәулет аудармашы ретінде А.Блоктың, Н.Рубцовтың, О.Рифаттың, А.Рысқұловтың, Б.Шинкубтың, П.Мовчанның, С.Муккерджидің және басқа да алыс-жақын шетелдегі ақындар шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Поэзия кешінің қорытынды сәтінде Қаршыға Есімсейітова және Ғазиза Әбілда қазақтың көрнекті ақыны Ұлықбек Есдәулеттің  шығармашылығынан өлең оқып, кештен алған әсерін бөлісті.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<