Зиялы қауым өкілдерімен кездесті

3

0

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Достық үйінде» зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірді дамыту бағытында атқарылған жұмыстар, қолға алынған бастамалар мен алдағы міндеттер талқыланды.

– Өздеріңізге белгілі, жақында ғана Премьер-министрдің бірінші орын­басары қызметіне та­ғайындалған Нұр­лыбек Машбек­ұлы төрт жылдан астам уақыт облысымызды басқарған тұста ау­қымды жұмыс атқарылды. Бірлігі бекем жұр­тымыз тың бастамаларға үнемі қолдау көрсетті.

Облыстың негізгі макроэко­номи­калық көрсет­кіштерінің өсімі 107 пайызға жетті. Экономиканы әртарап­тандыру мақсатында алдағы үш жылда 1 трлн 900 млрд теңгеге бағаланған 48 инвестициялық жоба іске асырылып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 1 трлн теңгеге 14 ірі жобаның құ­ры­лысы басталады, – деді облыс әкімі.

Президенттің, Үкіметтің ерекше қолдауымен өңірде 200-ге жуық әлеу­меттік нысан бой көтерді. Сыр жұртшылығының бекем бірлігі мен тату тірлігі барлық жетістікке арқау болды. Облыс тұрғындары орталық­тан­ды­рылған сапалы ауызсумен 100 пайыз, Қызылорда қаласындағы көп­қабатты үй тұрғындары ыстық сумен қамтамасыз етілді. Ал жыл соңына дейін 10 елді мекенді газдандыру, «көгілдір отынға» қолжетімділік көр­сеткішін 85 пайызға арттыру жоспар­ланған. Тұрғын үй кезегіндегі азамат­тарға 8 мыңға жуық пәтер кілті табысталды.

Осы күні сол жағалауда бой көтерген үйлердің 600 пәтері иелеріне салтанатты түрде берілді. Облыстағы 141 шақырым автомобиль жолы, көшелер мен көпір өткелдері жөн­деліп, жақсы жағдайдағы жол үлесі 96%-ға жеткізілмек.

Мемлекет басшысының бастама­сымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық эко­ло­гиялық бағдарламасы аясында Пре­зидент сая­бағы жаңадан салынды. Сондай-ақ осы күні саябақ ау­мағында жыл бойы үздік­сіз жұмыс істейтін 300 орындық оқу-сауықтыру орталығы бала­лар игілігіне айналды. Одан бөлек, осы маңда Ботани­калық білім беру орталығы салынуда.

Жыл басында өткен V Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы берген тапсырмаға сәйкес, Қызылорда қала­сында 300 орындық көпбейінді ауру­хана, 400 және 500 орындық екі емхана, 200 орындық перинаталдық орталық, драма театр мен заманауи кітапхана құрылысы жүріп жатыр.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халық­аралық автодәлізінің Қызыл­орда-Ақтөбе бағытындағы жолын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңі қарқын алды. Ал «Бейнеу-Сексеуіл» бағыты бо­йынша облыс аумағынан өтетін 189 шақырым жолдың құрылысы жақын күндері басталады.

Жиында Тұрғанбай Маханов, Бақ­берген Досманбетов, Айтбай Көшер­баев, Өмірбек Шәменов, Шаһизада Әбді­кәрімов сөз сөйлеп, алда ат­қары­латын жұмыстардың жемісті болуына тілек білдірді.