Зияткерлік меншіктің маңызы арта бермек

723

0

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев өзінің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында ел дамуының түрлі басымдықтарын атап өтіп, алдағы жоспарлар мен міндеттерді ортаға салған болатын.

Жолдауда әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық, мәдени, рухани мәселелердің барлығы назарға алынған.

Кәсіпкерлікті дамыту мәселесі де жыл сайынғы Жолдауларда баяндалып келе жатқаны мәлім. Осы ретте, Президент күштік құрылымдардың бизнес ісіне шамадан тыс араласуына заң арқылы тосқауыл қою керек,- екенін атап өтті.

Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Содан болар, бүгiнгi таңда шағын және орта кәсiпкерлiктің серпiндi дамып келе жатқаны белгiлi. Соның ішінде, шағын кәсiпкерлiктің саны қарқынды түрде өсiп келедi.

Дамыған елдердің тәжірибесі көрсеткендей, шағын және орта бизнесті қалыптастыру мен дамыту экономиканы нығайту үшін қолайлы алғышарттар жасайды. Атап айтқанда, салалық және өңірлік монополизм жойылады, рынокта тауарлар мен қызметтер көбейеді, жаңа жұмыс орындары ашылады, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктері өмірге енгізіледі, қоғам тұрақтылығының кепілі болып табылатын орта тап қалыптасады. Нәтижесінде шағын және орта кәсіпкерлік көптеген адамдар үшін тартымды сипатқа ие болып, нарықтық экономиканың қажетті элементіне айналады.

Кәсіпкерлікті жетілдіру – экономика­ның тұрақтылығы мен оның бәсекелік сипатын қалыптастыруда басты бағдарлардың бірі болып табылады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін субъектінің белгілі бір дәрежеде ер­кіндігі мен құқығы, шаруашылық қызме­тінің бағытын таңдауда еріктігі, қабылда­натын шешімдерге, одан туындайтын нәтижелерге тәуекелдіктің болуы қажет.

Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті дамытуға үлкен ден қойылып, бірқатар заңдар мен жарлық, қаулылар қабылданған. Алғашқы құжаттардың бірі болып «Жеке кәсіпкер­лікті қорғау мен қолдау туралы» Заңы 1992 жылдың 4 шілдесінде қабылданып, онда кәсіпкерлікті мемлекеттік қорғау және қолдаудың мәні мен мазмұны, басты бағыттары мен мақсаттары айқындалды. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қорғау және қолдау дегеніміз – аталған қызметті орын­даудағы құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайды қалыптас­тыру, мемлекетте жаңа эконо­микалық құрылымдарды орнату болып табылады.

Кәсіпкерліктің кең өріс жаюына Қазақстан Республикасы Президентінің 26.12.2019 жылғы «Қазақстан Республикасында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы» Жарлығы үлкен серпін берді. Жарлық бойынша шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде микро-кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайды жақсарту мақсатында 3 жыл мерзімге мемлекеттік бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізілді.

Қызылорда облысының Әділет департаменті заңнамалар аясында қарқынды түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Айталық, Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекелестікке  қабілеттілік индексінің «Зияткерлік меншікті қорғау» индикаторын жақсарту мақсатында зияткерлік меншік объектілерін пайдаланушы тұлғалар арасында онлайн кеңестер беру шаралары белсенді ұйымдастырылды. Сонымен қатар, тауар шығарылған жердің атауларына қатысты ұлттық тіркеуді арттыру бағытында өз аймағымызда кәсіпкерлік субъектілермен құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды, бейнероликтер жарықтандырылды.

Жалпы, Әділет департаменті кәсіпкерлік өкілдерімен тұрақты бірлескен жұмыстар жүргізіп келеді. Осы мақсаттағы жұмыстарды дамыту мақсатында Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасымен  зияткерлік меншікті қорғау және сақтау мәселелері бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Мемлекет тарапынан зияткерлік меншік құқығы саласын дамытуға жоғары деңгейде көңіл бөлінуде. Өйткені, дүниежүзілік қауымдастықтың талаптарына жауап беру, дүниежүзілік сауда ұйымына кіру тәрізді маңызды мемлекеттік мақсаттарды жүзеге асыруда авторлық және сабақтас құқықтар мен өнеркәсіптік меншік саласындағы құқықтарды қорғау маңызды факторлардың бірі болып есептеледі. Сондықтан да, зияткерлік меншіктің болашақта азаматтардың әл-ауқат деңгейін белгілейтін зор ресурс ретіндегі маңызы арта бермек.

Ирина БАКИШЕВА,

Қызылорда Облысы Әділет департаментінің басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<