Әйелдердің іскерлік әлемі

1528

0

Мемлекетіміз Тәуел­сіздік алғаннан кейін елімізде әйелдердің  бел­сенділігі артып, өз­де­рі­нің кәсіби және шығар­машылық әле­ует­терін жү­зеге асыратын мүмкін­діктерге жол ашылды. Бұл – Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев­тың мемлекеттік сая­­сатқа ұдайы мән беріп, ана мен баланың әлеу­меттік қор­ғалуы, отбасы құндылықтарының маңыз­ды­лы­ғына назар аударуы мен қолдауының нәтижесі.

Кейінгі уақытта әйелдер мен ер адамдардың қоғамда құқығы мен мүмкіндіктерінің тең болуы үшін жасалған шаралар легі көбеюде. Олар  әлеуметтік мәселелердің шешім табуына атсалысып, еліміздің даму болашағына өзіндік үлесін қосуда ерекше белсенділік танытуда. Сәйкесінше, әйел­дердің саясаттағы мүмкіндігі артты.

Облыста 812 мыңнан астам тұрғын болса, оның 405 мыңға жуығы, экономикалық белсенді халықтың 217 мыңнан астамы әйелдер. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің 87%-і, педагогтардың 73%-і жалпы бюджеттік сала қызметкерлерінің 60%-і «нәзік жандар».

Биыл елімізде өткен саяси науқанда сайлау­шылардың сенімін иеленген 27 депутаттың 8-і, «Nur Otan» партиясы депутат­тық фракциясы жаңа құрамының 45%-і әйелдер. Партия көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Nur Otan» пар­тиясы сайлауалды партиялық тізімдері арқылы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға 30% әйелдер мен жастар кандидатурасын ұсыну тапсырмасы толық орындалды.

Әйелдердің кәсіпкерлікті дамытуы өз алдына, отандық кәсіптің 50%-не иелік етеді. Экономиканың ірі салалары – көмір, химия, жеңіл және тамақ өнер­кәсібі, құрылыс пен ауыл шаруашылығы саласында да үлесі аз емес.

Кейінгі уақытта еліміздің экономикасын артты­ру­дағы үлесі белсенді бола түскен. Оған дәлел – статистикалық мәліметтер. Облыста әйелдер басқаратын 20 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның белсенді жұмыс жасап тұрғаны 19531-ді құрайды.  2019 жылы 52427 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 19986-сы әйел кәсіпкерлердің үлесінде. «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы 217 жоба қаржыландырылып, оның ішінде 71 жоба әйел басқаратын кәсіпкерлік субъектілеріне тиген. Ал нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда қаласында шағын несие беру үшін 17 жоба қаржыландырылса, оның ішінде
5 жобаны әйелдер бас­қарады.

Қазақстанда қыз-келіншектердің қо­ғам­дағы бел­сен­ділігін арттыруда түрлі аза­маттық қоғам институттары, үкіметтік емес ұйымдар, клубтар құрылды. Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік салада көмек көрсетеді, кәсіпкерлікті дамытуға көмек қолын созады. Көшбасшылықты, отбасы құн­дылықтарын арттыру мен гендерлік білімін жоға­ры­лату, халықтың өсіп-өну, денсаулығын сақтау, әйел­дерге қатысты зорлық-зомбылықты азайтуда бір­қатар шаралар атқарды.

Мысалы, облыстық іскер әйелдер қауым­дастығы көп­балалы, жалғызбасты аналарға қолдау көрсету, әйел кәсіпкерлерге жағдай жасау ісінде әрдайым үлкен істерге бастамашыл болып келеді. Қазіргі күні қауымдастық құрамына еліміз бойынша 2000 мыңға жуық әйел енген.

Сондай-ақ түрлі салада белсенді еңбек етіп жүрген әйелдер қауымының басын қосқан «Еңбегі жанған арулар» атты форум ұйымдастырылды. Мұнан бөлек, ауыл әйелдерінің қоғамдағы орнын қалыптастыруға бағытталған түрлі жобалар бар. Былтыр «Бойтұмар ханым» қоғамдық қоры және облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанын­дағы аналар кеңесімен бірлесіп, «Ақ орамал» жобасы өткізілді. Биыл іскер әйелдер қауымдастығы әйелдерге қолдауға бағытталған маңызды жобаларды ұйымдармен бірлесіп қолға алды. Жыл басынан бері Аналар кеңесімен кезекті мәрте «Әке – өмір тірегі» фотожобасын ұйымдастырды.

Ананың басты миссиясы – дүниеге бала әкеліп, ұрпақ тәрбиелеу. Аймақта  жылына 18 мыңнан астам сәби өмірге келеді.

Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеткен жандар қандай да құрметке лайық.

Манат АЛМАШЕВА,

облыстық мәслихат депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<