Әлем – балалармен мейірімді

387

0

Бүгін Қазалы ауданында жеке кәсіпкер Сәкен Құлпыбайұлы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай аудандағы ерекше балаларға арнап «Әлем – балалармен мейірімді» атты қайырымдылық шара өткізді.

Шараға арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Дәурен Оңғарбайұлы бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, игі іске ұйытқы болып отырған кәсіпкерге алғысын айтты.

Сол секілді жиынға келген ата-аналар да балаларға жылы лебізін жеткізіп, Сәкен Құлпыбайұлына және әлеуметтік қызметкерлерге ризашылықтарын білдірді.

– Бүгін ерекше күн болды. Балаларымыз қуанып қалды. Керемет көңіл-күй сыйлаған кәсіпкерге алғысымыз шексіз. Несібесі молайып, кәсібі өркендей берсін деген тілек білдіреміз», – дейді бір топ ата-ана.

Мерекелік кеште балалар ән айтып, би билеп, көңіл көтерді. Сондай-ақ, тегін таратылған балмұздақтан дәм татып, үйлестірілген ойыншықтарды алып, ерекше әсерге бөленді.

Айта кетейік, мерекелік дастарханға Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және ауылдық округтерден мүмкіндігі шектеулі балалар, үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінен қызмет алушы 150-ге жуық бала қатысты.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<