Алтын бесігін ардақ тұтқан

275

0

Қармақшы ауданы ІІІ Интернационал ауылында тұратын Әбдрахим Рузиевтің отбасы жайлы отанасы Гокчак Ескендірованың әңгімесіне құлақ түрдік.

Гокчактың ата-анасы Сыр өңіріне 1955 жылы туған-туыстарын іздеп келген. Уақыт өте келе олар осында қалуды жөн санайды. Ауылға қоныстанып, жергілікті халықпен сіңісіп кетеді. 1958 жылы өмірге Гокчак келеді. Ол осында білім алды, мектеп бітіріп, оқуын жалғастырды. 1980 жылы ауылға  бір топ өзбек азаматы келіп, құрылыс салды. Оның ішінде Әбдрахим де болатын. Екі жас бір-бірін ұнатып, сол жылы шаңырақ көтереді. Жары күрішші болып еңбек етті. Ал, Гокчак аспаз болды. Дүниеге екі ұл келді. Балаларын оқытып, қатарынан кем етпей жетілдірді. Үлкен ұлы Унитжан Рузиев қазір Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеп жүр. Келіні Малина Уалиеваның ұлты әзербайжан. Екі немере өсіп келеді. Ал, кіші ұлы Азиз Рузиев Кореяда зауытта еңбек етіп жүр.

Әбдрахим мен Гокчакты ауыл­дастары мақтан етеді. Олардың осы жерге сіңірген  еңбегі зор.

– Кіндік қаным тамған жерімді мақтан етемін. Осында тудым, жетілдім. Ауылдағы аға­йын­ның бәрі де тату тұрады. Бір-бірін бөліп жарған емес. Ауыз­бір­ші­ліктен ажыраған емес. Жолдасым екеуміз жастайымыздан еңбекке араласып, қазір бейнеттің зейнетін көріп отырмыз. 2015 жылы зейнеткерлікке шықтық, – дейді Гокчак.

Ерлі-зайыптылар  зейнеткерлікке шықса да тыным таппайды. Есігінің алдын бау-бақшаға айналдырған. Мұнда жеміс ағаш­тарының барлық түрі бар. Ерте көк­темнен бастап, көкөніс егіп, алажаздай еңбек етеді. Мал шаруашылығын да кәсіп етіп отыр. Гокчак сиыр сауып, құрт-май жасайды. Ірімшік қайнатып, айран ұйытады. Көктемде еккен көкөністерден түрлі тосаптар жасап, қысқа сақтайды.

– Зейнетке шыққан соң, жолдасымыз екеуміз шаруашылыққа бет бұрдық. Немерелеріме құрт-май жинаймын. Қазы айналдырып, жал-жая дайындап қоямын. Балаларым келген кезде қазанға ет саламын. Қазақы ортада өскен соң, ұлттық тағамдарды жақсы көреді,– дейді ол.

Өнегелі отбасы қазақы салт-дәстүрдің бәрін де берік ұстанады. Немересі дүниеге келгенде қыр­қынан шығарып, ағайынның басын қосты. Тұсаукесер салтын жасады. Келіні Малинаға да бәрін үйретті. Гокчак қазақша әндерді сүйіп тыңдайды және нақышына келтіріп орындайды. Мерекелерде дастархан жа­йып, қонақжайлығын танытады. Оның кішіпейілділігі мен мейірімділігін жақындары да жақсы біледі. Қонағы үзілмейтін оның қазаны оттан түспейді.

Гокчак тарихи Отанына оралған жақындарының көпшілігі туған жерден артық мекен жоқ екенін айтып отыратынын тілге тиек етті. Өскен ортасы, қазақылық қасиет бойына сіңген олар елді сағынады.

Ал, отағасы Әбдрахим: «Ынты­ма­ғы жарасқан елдің ғана ырыс-несібесі мол болатынына сенімдімін. Берекеге бастар бірліктің арқасында ауылымыз көркейіп, жылдан-жылға тұрмысымыз жақсарып келеді. Біз­дің өнегеміз кейінгі жас буынға да үлгі» дейді.

Көпке сыйлы отбасы достық мекеніне айналған туған жерін, алтын бесік ауылын мақтан етеді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз