Аралда түйелер неге өліп жатыр?

717

0

Арал ауданының бірнеше елді мекеніндегі шаруашылықтарда түйелер арасында өлім-жітім дерегі тіркелді. Бұл туралы облыстық ветеринария басқармасынан хабарлады.

Жергілікті мамандар ауру ошағында эпизоотиялық зерттеу жүргізіп, Ойсылқара тұқымының жұқпалы емес «цефалапиноз» (танауқұрт) паразитарлық ауруына ұшырағанын анықтады. Аурудың белгісі, жазда бөгелек, сона, маса, шыбын, тағы басқа жәндіктер ұшқанда малдың мұрын қуысына жұмыртқалайды. Ол күз бен қыста дамып, ересек құртқа айналады. Құрттар тыныс жолын жауып, тұншықтырады. Азық шайнай алмай, аузын ашып дем алады. Күйісінен жаңылады, басын шұлғи береді. Көмейі паразитке толған мал тұншығып, тұрған жерінен құлап өледі.

«Паразиттік ауру профилактикасы, диагностикасы және жойылуы бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауiптi аурулар тізбесіне енгізілмеген. Сондықтан дерттің алдын алу, емдеу шығынын мал иелері өздері көтеруі тиіс. Қызылорда қаласы мен аудандардың ветеринариялық дәріханаларында дәрі-дәрмек жеткілікті, қолжетімді бағада», – делінген хабарламада.

Бүгінде аурудың алдын алу мақсатында вакциналау, қора-жайларды залалсыздандыру шаралары жүргізілуде.

Осы ретте басқарма мал шаруашылығымен айналысушыларға ветеринар мамандармен хабарласып, аурудың алдын алу шараларын жүргізуді сұрайды.

Сб-ақпарат.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз