Атакәсіп жанданып келеді

716

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сейілбек Нұрымбетовты қабылдады.

Кездесуде басқарма басшысы мал шаруашылығы саласында атқарылған істерді баяндап, мемлекеттік қолдаулар мен алдағы бірқатар жұмыс жоспарын да тілге тиек етті.


Сыр бойындағы атакәсіпті ардақтап, төрт түлікті түлетушілердің қатары көбейген. Мемлекеттік бағдарламалар арқасында кәсібін кеңейтіп отырған азаматтар да жетерлік. Үкімет қолдауымен инвестиция­лық жобаларды жеңілдетілген несиелендіру бойынша осы саланың өсу динамикасы қалыптасып, мал басы мен өндірілген өнім жылма-жыл ұлғайып келеді. Мысалы, өткен жылы облыста ауыл шаруашылығы саласында 128 млрд теңгеден астам өнім өндірілсе, соның 45 млрд теңгесі мал шаруа­шылығының үлесінде.


– Биылдың өзінде облыста мал шаруа­шылығы саласының жалпы ішкі өнімі 23 млрд теңгеден астам қаржыны құрап, былтырғымен салыстырғанда 2,2 процентке өсті. Осы саланы қолдау мақсатында биыл облыстық бюджеттен 2,4 млрд теңге бөлінді. Бүгінге дейін 1 жарым млрд теңге субсидиялау қаржысы 625 шаруашылыққа төленді, – деді басқарма басшысы С.Нұрымбетов.


Айта кетсек, биыл «Сыбаға» бағдарламасымен өңірге 288 бас асылтұқымды мүйізді ірі қара әкелінді. Оның ішінде 80 бас малды жеке кәсіпкер «Қуанышбаева» алса, 128-і – «Парадин», 80-і «Ерасыл» шаруашылықтарына берілді. Сонымен қатар 6105 бас отандық қой тұқымын сатып алу бағытында жұмыстар жүргізілуде.


Кездесуде көтерілген мәселенің бірі – жайылымдық жерлерді суландыру. Төрт түлікті түлетем деушілерге жайылымдық жер тапшылығын болдырмау, оны суландыру мен құдық қазу сияқты малшы қауымға қажет дүниелер ұдайы назарда болуы тиіс.


– Суландыруға қатысты осы кезге дейін 463 құдық қазылған. Оған 1 млрд теңгеге жуық субсидия төленді. Соның арқасында 80 мың гектарға дейін жайылымдық жер ашылды. Биыл 61 құдық қазылып, субсидиясы төленді. 8 мың гектардай жер тағы айналымға енгізілді. Ауыл арасындағы құдықтарды ғана емес, елді мекендерден тым алыста жатқан бұрынғы құдық іздерін тауып, соны аршысақ, мал өрісі кеңейетіні – даусыз нәрсе. Елге жақын жайылымдық жерлер тозбас үшін әр аудандағы бұрыннан қалған 2 мыңнан астам көне құдықты тазалау жұмыстары қолға алынбақ. Аудандық әкімдіктермен бірлесе, осы мәселеге қатысты қаржы көздерін шешуге көмектесетін боламыз, – деді басқарма басшысы.


Облыс әкімі басқарма басшысына ауыл шаруашылығы ішіндегі төрт түлік санын арттыру, сала бойынша бекітілген индикативтік жоспарларды жыл аяғына дейін орындап, облысқа бөлінген субсидияларды толық игеруді тапсырды.


Тағы бір айта кететін жайт, облыс тұрғындарын экологиялық таза, сапалы мал шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 3 ірі жоба қолға алынғаны белгілі. Оның бірі – Қызылорда қаласындағы «Сыр Маржаны» ЖШС базасынан халықаралық стандартқа сай, қуаттылығы жылына 5 мың тонна етті терең өңдеп, ­вакуумдық қаптамада нарыққа шығаратын ет комбинаты.

Екінші жоба Шиелідегі «СырАгро и К» ЖШС-ның 1200 бас сиырға арналған, тәулігіне 24 тонна сүт өңдейтін зауытпен қамтылған тауарлы-сүт фермасының құрылысы болса, үшіншісі – Қармақшы жеріндегі қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін «Қармақшы құс» ЖШС-ның ет бағытындағы құс фабрикасы.

Бұл үшеуі де келер жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде.


Ержан ҚОЖАСОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<