Қызылордада Ғазиз Байтасов атындағы «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылды

7

0

Фото: Qyzylorda PD

Бүгін Қызылорда облысының Жаңақорған кентіндегі А.Абдуллаев атындағы зияткерлік мектеп-интернатында Ғазиз Байтасов атындағы «Жас сақшы» полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Қызылорда облысы Полиция департаментінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймағамбетов Әмірбек Бердібекұлы және Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы Асқар Балқожаев қатысып, жас сақшыларға сәттілік тіледі.

Салтанатты жиын барысында «Жас сақшы» полиция сыныбының негізгі мақсат-міндеттері таныстырылды. Атап айтқанда, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру, тәртіп пен жауапкершілікке баулу, сондай-ақ полиция қызметінің беделін арттыру бағытындағы жұмыстар кеңінен айтылды.

Шара аясында ант қабылдау рәсімі өткізіліп, сынып құрамына қабылданған 15 оқушыға арнайы куәліктер табысталды.

Ғазиз Байтасов – ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан батыр сақшы. Ол 1971 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметінде кәсібилігімен, батылдығымен және адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленіп, әріптестерінің зор құрметіне ие болды.

2011 жылғы 12 қарашада Тараз қаласында орын алған лаңкестік оқиға кезінде полиция капитаны Ғазиз Байтасов аса қауіпті қылмыскерді тоқтату барысында ерекше ерлік көрсетті. Қылмыскерді құрықтау кезінде ол өз өмірін қатерге тігіп, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жан аямай күресті. Қарулы лаңкес өзін-өзі жарып жіберген сәтте батыр сақшы ауыр жарақат алып, ерлікпен қаза тапты.

Көрсеткен жанқиярлығы мен антына адалдығы үшін Ғазиз Байтасов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағына ие болды. Оның ерлігі мен жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады.

Шара барысында қатысушылар батыр сақшының рухына тағзым етіп, оның өнегелі өмір жолы мен ерлігі кейінгі жас буын үшін әрдайым үлгі екенін атап өтті.

– «Ер есімі – ел есінде. Батыр полицейдің өмір жолы мен ерлігі жас ұрпақты отансүйгіштікке, батылдыққа және адалдыққа тәрбиелейді. Осындай «Жас сақшы» сыныптарының ашылуы – келешек ұрпаққа тағылым беретін маңызды бастама», – деді полиция подполковнигі Асқар Балқожаев.

Салтанатты шара соңында оқушылар мен қонақтар ел тыныштығы жолында қызмет етудің маңыздылығын ерекше атап өтті. Ғазиз Байтасовтың ерлігі мен антына адалдығы жас ұрпақ жадында мәңгі сақталары сөзсіз.