Қызылордалық оқушылар халықаралық турнирде топ жарды

4

0

Қызылорда облысының жас робототехниктері халықаралық деңгейде тағы бір мәрте жоғары нәтиже көрсетті. Нұрхан Әли мен Нариман Бақытбекұлы Астанада өткен Robotek Grand Tournament Astana 2026 халықаралық чемпионатында І орын иеленіп, «Жалау жеткізуші» санаты бойынша үздік атанды.

Беделді дода Nazarbayev University базасында өтіп, Қазақстан мен шетелдің үздік командаларын біріктірді. Биыл алғаш рет «TurkTime!» президенттік бастамасы аясында түркітілдес елдердің жас инженерлері – Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстаннан келген қатысушылар бас қосты.

«Robotek Grand Tournament Astana 2026» жарысы алаңына 20 аймақтың облыстық турнирлерінің жеңімпаздары мен 45 шетелдік команда шықты. Жалпы алғанда жарыста 9 бен 17 жас аралығындағы бірнеше жас топтарында 220-ға жуық команда 9 санат бойынша бақ сынасып, өздерінің инженерлік білімі мен шығармашылық әлеуетін жоғары деңгейде көрсетті.

Чемпионат барысында оқушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын ұсынды. Олардың қатарында қарт адамдарға арналған робот-көмекшілер, нәрестелерге арналған «ақылды» бесік, медициналық алғашқы диагностика жүргізетін роботтар және іздестіру-құтқару жұмыстарына арналған құрылғылар бар.

Аталған турнир Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Жарысты  «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы,  «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, Nazarbayev University, NU Impact Foundation және «Robotek» робототехника мектебі бірлесіп өткізді.

«Robotek» – STEM білім беру және робототехника саласындағы елімізге және әлемге танымал отандық компания. «Robotek» он жыл бойы Қазақстанда робототехника саласында Ozyq Urpaq, STEM-Ұстаз, Robotek Grand Tournament, RoboTechnoGirls, STEMBilim және RoboBastau сияқты бағдарламаларды жүзеге асырып келеді.

– Біздің чемпионат мазмұны жағынан толықтай отандық, бұл елдегі робототехниканы дамытудағы жоғары стандарттарға сай келеді. Бүгінде Қазақстанның STEM-білім беру саласындағы жетістіктері көптеген елдердің оқушыларын шабыттандырып отыр, сондықтан Made in Kazakhstan форматындағы жаһандық іс-шараларға сұраныс артып келеді, – деп атап өтті «Robotek» компаниясының бас директоры Санжар Шалқарбеков.